423,91 504.32 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлем елдерінде эпидахуалдың нашарлауы жаңа штамнан болып тұр

  • 143
  • UPD: 19:43, 03.09.2021
Әлем елдерінде эпидахуалдың нашарлауы жаңа штамнан болып тұр

Коронавирустың «мю» атты жаңа түрі пайда болды. Бұл мутацияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бақылауда ұстап, зерттеу жасайтын індеттер тізіміне қосты. Сондай-ақ мамандар вирустың жаңа түрін адамның бойында түзілген иммунитетті бұзып өтуі мүмкін деп қауіптенеді. Қазір мю штамы әлемнің 43 елінде анықталды. Ал тез тарайтын дельта штамы 170 елде тіркелді. Көп мемлекетте эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы дәл осы дельтамен байланысты.

АҚШ-тағы эпидемиологиялық ахуал әлі күрделі. Мамандар осылай деп отыр. Тамызда коронавирусты 4 миллион 200 мың адам жұқтырған. Ал өткен айда індеттен шамамен 27 мың тұрғын көз жұмған. Бұл шілдемен салыстырғанда 3 есе көп. Осылайша статистика бойынша елде минутына вирусты 111 адам жұқтырады екен. Ал әр 1 минут 5 секунд сайын бір американ азаматы дерттен көз жұмады. Бұл бір жағынан тез тарайтын дельта штамына байланысты. Екіншіден, елде әлі 85 миллион тұрғын екпе алмаған көрінеді. Билік оларды тездетіп вакцина салдыруға шақырды. Мәселен, кейбір компаниялар өз еркімен препарат қабылдаған қызметкерлеріне ақшалай сыйақы төлеп, демалыс беріп жатыр.

Джефф Зиентс, Ақ үйдің коронавируспен күрес жөніндегі үйлестірушісі:

- Екпені мүмкіндігінше көп адамның алғаны дұрыс. Міндетті вакциналау 800 колледж бен университетте енгізілген. 200-ден астам компанияда осындай талап қойылып отыр. Өзгелердің осылай істегені дұрыс деп санаймыз. 6 қыркүйекте Еңбек күнін атап өтеміз. Халық осы мерекеге орайластырылған демалыс күнін бос өткізбей, вакцина салдырса екен. Сондай-ақ қоғамдық орындарда маска тағып жүріңіздер. 

Үндістанда бір күнде 10 миллион вакцина жасалды

Әлемде вирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ көш бастап тұр, екінші орында Үндістан келеді. Мұнда көктемнің аяғы мен жаздың басында жағдай қатты ушығып, оттегі баллондары жетпеген кездер болған. Тіпті тәуліктік өсім 400 мыңнан асып кеткен еді. Одан кейін ахуал біршама жақсарған. Алайда бір тәуліктегі вирус жұқтыру дерегі соңғы 2 айдағы ең үлкен көрсеткішке жетті. Бір күнде вирус 46 мыңнан аса адамнан анықталған. Мұның бір себе кісі көп жиылатын шараның өткізілуімен байланысты болуы мүмкін. Таяуда Керала штатында ірі фестиваль ұйымдастырылып, оған көп адам қатысыпты. Ол аздай елде белгісіз вирустан ондаған бала көз жұмды. Жергілікті дәрігерлер аурудың белгілеріне қарап, мұны денге безгегіне ұқсатып отыр. Дерттен қайтыс болғандардың басым бөлігі балалар. Жалпы қазір елде вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Осы аптада бір күнде егілген адамдардың саны 10 милионнан асып кетті. Бұл рекордтық көрсеткіш.

Камалавати, зейнеткер:

- Бұрын адамдар вакцина десе күдікпен қарайтын. Температурамыз көтеріледі немесе өліп кетеміз деп қорқатын. Алайда біз олармен сөйлесіп, бәрін түсіндірдік. Препараттардың қауіпсіз екенін жеткіздік. Енді міне сол жұмыстар өзінің жемісін беріп жатқанға ұқсайды. Екпе қабылдауға ниет білдіріп жатқандардың қатары көбейді.

Израильде тәуліктік өсім бойынша антирекорд тіркелді

Израиль де иммундау науқаны бойынша жақсы нәтиже көрсеткен елдің бірі. Мұнда қазір қайта вакциналау жүріп жатыр. Шараға тіптен жеткіншектер де қатыса алады. Алайда елдегі эпидемиологиялық ахуал ушығып барады. Осы аптада тәуліктік өсім бойынша антирекорд тіркелді. Вирус жұқтырғандар арасында балалар көп. Сонда халықтың көбі екпе салдырса, жағдай неге түзелмей тұр деген сауал туындайды. Сарапшылар мұны былай түсіндіреді. Біріншіден мұнда өзгелеріне қарағанда тез жұғатын дельта штамы тарап жатыр. Екіншіден, мамандар екпе вирусты жұқтырудан емес, індеттің ауыр формада өтуінен қорғайтынын тағы да еске салады.

Грузияда коронавирустан қайтыс болғандар көбейді

Грузияда эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Мұнда короанвирустың төртінші толқыны басталған. Кейінгі тәулікте 86 адам көз жұмды. Жалпы елде өлім-жітім жаз басталғалы 3 есе артқан екен. Мамандар әсіресе жүкті әйелдер үшін алаңдаулы. Өйткені ковид құрбандары арасында аяғы ауыр келіншектер бар. Негізі елде вакцина алғандардың үлесі төмен. Осы күнге дейін тұрғындардың 11 проценті ғана екпе қабылдаған екен. Сондықтан билік вакциналау науқанын жеделдету үшін мобильді екпе егу жобасын қолға алды.

Хабар 24 телеарнасы