Ауғанстанда күнкөріс нашарлап барады

Ауғанстанда тәліптер үкімет жасақтап жатыр. Радикалды қозғалыс жуық арада министрлер кабинетін жариялайтынын хабарлады. Сонымен қатар бірнеше апта бойы әлем елдерінің назарын аударған Кабул әуежайының жұмысын қалпына келтіруді бастады. Ал қарапайым халық елде баға шарықтап, күнкөріс қиындап кеткенін айтады. 

Ауғанстанда билікті басып алған тәліптер жуық арада үкіметтің толық құрамын жариялауы мүмкін. Жаңа биліктің министрлер кабинетін кім басқаратыны да белгілі болды. Ол осы радикалды қозғалыстың саяси кеңсесінің басшысы Абдул Гани Барадар.

«Си-Эн-Эн» теларанасының хабарлауынша, елдегі басқару формасы Ирандағы билікке ұқсатылып құрылмақ. Тәліптердің өзі елдегі жағдайды түзеп, сыртқы әлеммен достық қарым-қатынас құрамыз деп уәде беруде. Бірақ батыс елдері «Талибан» қозғалысын Ауғанстанның ресми билігі ретінде мойындауға асықпайтынын жеткізді. Жаңа билікпен қатынас тек нақты шарттар орындалған жағдайда ғана орнайды. Дегенмен, тәліптермен көп мәселені бірігіп шешу қажеттігін алға тартып отыр.

Джозеп Боррель, Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Әлбетте біз тәліптермен көп мәселе бойынша байланыста болуымыз қажет. Ең алдымен гуманитарлық көмек беру мен елден кеткісі келетін азаматтарға қолдау көрсету мәселесі бар. Сондықтан «Талибан» қандай үкімет құрып, елдегі басқару қалай жүзеге асатынына байланысты әрекет ететін боламыз. 

Ал тәліптер бірнеше апта бойы әлем назарын өзіне аударған Кабул әуежайын қайта іске қоса бастады. Әзірге әуе рейстері ел ішінде ғана қатынайды. Әуежай жұмысын қалпына келтіру үшін Катардан техника саласының мамандары шақырылған. Түркия да техникалық көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Бірақ тәліптер американдықтар әуе айлағындағы көп нысанды талқандап кеткенін айтады.

Кари Саид, «Талибан» қозғалысының мүшесі:

- Біз әуежайдың қолымызға көшкеніне қуаныштымыз. Бірақ әуе айлағын соңғы уақытқа дейін бақылауында ұстаған американдықтар ондағы көп құрал-жабдық пен көліктерді талқандап кетті. Дегенмен, туындаған қиындықты еңсереміз деп үміттенеміз.

Ал Ауғанстан астанасында қалыпты өмір жалғасуда. Шаһарда әредік атыс естілгені болмаса ахуал тыныш. Дегенмен, тәліптер билікке келгелі қаржы мекемелері жұмысын тоқтатып, азық-түлік бағасы шарықтап күнкөріс қиындай түскен. 

Мохамад Әли, тұрғын:

- Мен мына базарда таңнан кешке дейін жүрмін. Бірақ жұмыс жоқ. Ал азық-түлік болса қымбаттап кетті. Ұнның бағасы күн сайын өсіп жатыр. Енді қалай күн көрерімізді білмейміз.

Ауғанстан астанасындағы жағдай тыныш болғанымен елің бірқатар аймағы тәліптердің билігіне қарулы қарсылық танытып жатыр. Панджшер өңірінде Ұлттық қарсылық майданы «Талибан» күштерімен бірнеше рет қақтығысқа түскен. Парван мен Бағланда да қарулы топтарға қарсы халық жасақтары құрылып, бас көтеріп жатыр.

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...