Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыс аяқталды

Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыс бітті. Осы аптада АҚШ ауған жеріндегі әскерін әкету операциясын толық аяқтағанын мәлімдеді.

Ауғанстандағы соғыс дегенде америкалықтардың есіне 2001 жылдың 11 қыркүйегі түсері анық. Өйткені осыдан тура 20 жыл бұрын дәл мына жерде болған Дүниежүзілік Cауда Орталығының қос мұнарасына лаңкестік шабуыл жасалып, 3 мыңнан астам адам қайтыс болады. Сол кездегі АҚШ президенті Джордж Буш бұл терактіге жауапты содырлар Ауған жерінде жасырынуда дегенді алға тартып, тәлібтердің көзін құрту үшін АҚШ әскерін Ауғаныстанға кіргізе бастайды. Осылайша АҚШ-тың Ауған жеріндегі соғысы басталады.

Америка бастаған халықаралық коалиция сол жылдың қазан айында Ауған жеріне басып кіріп, әскери операцияларын жүргізе бастайды. Әуе күштерінің көмегімен билік басындағы тәлібтерге шабуыл жасап, радикалды топтың үстемдігін Ауған жерінен бірте-бірте ығыстыруды қолға алады. Нәтижесінде тәлібтердің күші едәуір әлсіреп, лаңкестік топ мүшелері  Кабулды тастап өзге қалаларға бас сауғалайды.

Содан бері тәлібтерге қарсы әскери қарсылық тоқтаған емес. Бұл АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстанда орналасқан қарулы күштері мен ұрыс-техникасының қатысуымен мүмкін болды. Алайда 2021-дің сәуірінде 20 жылға созылған соғыстың нүктесі қойылып, америкалықтардың Ауғанстаннан біржолата кететіні белгілі болды. Осылайша тамыздың 31 күні америкалық C-17 ұшағы Хамид Карзай ауежайынан ұшып, АҚШ-тың әскери миссиясы өз мәресіне жетті. 

Джо Байден, АҚШ Президенті:

–Құрметті америкалықтар! Ауғанстандағы соғыстың аяқталғанын хабарлаймын. Бұл АҚШ тарихындағы ең ұзақ соғыс болды. Бұл “мәңгі соғысты” ары қарай созудың еш қажеттілігі жоқ. Ал ол жақта қалып қойған америкалықтарды алдағы уақытта шығару үшін барлығын саламыз.

Байденнің мұндай шешіміне наразылық танытқандар да көп болды. Себебі америкалықтардың Ауған жерін тәлібтерден азат етеміз дегені уәдесі 20 жыл бойы орындалмады. Демократиялық мемлекет құрып, халыққа көмектесеміз дегені де анау айтқандай нәтиже бермеді. Ең бастысы лаңкестердің қол астында қалған жазықсыз халықты қиын қыстау кезеңде тастап кету ақылға қонбайды дейді олар.

Дінмұхаммед Аметбек, Халықаралық түркі академиясының сарапшысы:

– АҚШ Ауғанстанды тәлібтерге тастап кетті.

Сарапшының айтуынша, АҚШ әскерінің кетуі тәлібтердің күшейюіне тәкелей әсер етті. Өйткені Байденнің мәлімдемесінен кейін лаңкестік топ мүшелері бар жоғы үш айдың ішінде шағын елді мекендерден ел астанасы Кабулды жаулап алуға дейін жетті.

Дінмұхаммед Аметбек, Халықаралық түркі академиясының сарапшысы:

– Ауған жеріндегі жергілікті 300 мың әскер АҚШ-қа сүйеніп тұрған еді. Ал енді Американың Ауғанстаннан кетуімен олардың сүйенетін күш жоқ болды. Ал тәлібтер болса 20 жыл бойы өліспей беріспей жатқан жанкештілер. Сондықтан идеологиялық рух жағынан тәлібтер күшті болып кетті.

Америкалық ұшақтардың эвакуациялауын естіген мыңдаған халық Кабул халықаралық әуежайына ағыла басталды. Радикалды режимнен қашып, өзге елден пана тауып үлгендердің саны 120 мыңнан асып отыр. Дегенмен тәлібтердің қол астында қалып, қашып үлгермеген босқындардың саны қаншама дейді мамандар.

Абдулхақ Содаис, АҚШ әскерінің бұрынғы аудармашысы:

–АҚШ әскерінің Ауғанстанды тастап кеткендігіне сене алар емеспін. Өйткені менің бар ойым сол жерде қалып қойған отбасым болып отыр. Менің анамда, әпкемде және ағамда ешқандай таңдау қалмады. Олар тәлібтерден тығылып отыр. Өйткені Тәлібтер НАТО мен АҚШ-қа көмектескен азаматтарды жазалап, отбасы мүшелерін өлтіріп жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, Ауғанстанның жаңа үкіметін мойындауға келгенде әр елдің өз мүддесі алға қойылады.  

Дінмұхаммед Аметбек, Халықаралық түркі академиясының сарапшысы:

– Менің ойымша бұл АҚШ-тың жеңілісі емес, өйткені үлкен империялар ұзақ мерзімді стратегиялармен жүреді. Өйткені АҚШ негізгі күшін Ауғаныстаннан шығарып, Азия Тынық мұхиты аумағына көшіргісі келеді деген пікір бар.   

Авторы: Талғат Алманов