«Талибан»: Біз барлық елмен жақсы қарым-қатынас орнатқымыз келеді

АҚШ өз тарихындағы ең ұзақ соғысқа екі триллиондай доллар жұмсады. Бірақ көздеген мақсатына жете алған жоқ. Енді Ауғанстандағы ахуал жайында.

АҚШ әскері кеткеннен кейін Талибан Кабул әуежайында өз жеңісін тойлады. Алайда ел ішінде қарсыластары барын жоққа шығара алмаймыз. Панджшер өңірінде шоғырланған қарсыластарын бағындыруы керек. Талибан сарбаздары бұл аймақты қоршауға алды. Тіпті губернатор кеңсесін басып алған көрінеді. Бірақ шайқас әлі де аяқталған жоқ. Ауған жерінде осы аптада болған айтулы оқиғалар келесі сюжетте.

Бұл – Ауғанстаннан аттанған АҚШ-тың соңғы сарбазы. Азаматтарды көшіруге жауапты болған генерал-майор Крис Донахьюдің ұшаққа көтерілген суретін әлемнің барлық ақпарат құралдары жариялады. 

Фрэнк Маккензи, АҚШ орталық әскери басшылығының қолбасшысы:

– Әскерімізді шығарып, 20 жылға жалғасқан қимылымызды аяқтадық. Бұл бізге оңай болған жоқ. Екі мың төрт жүз алпыс бір сарбазымыз қаза тауып, 20 мыңнан аса адам жараланған. Өкінішке қарай, осы санатта өткен аптада жанкешті лаңкес өлтірген 13 жауынгеріміз бар. Олардың ерлігіне бас иеміз.

Шетел әскері кеткеннен кейін тәліптер Кабул әуежайын өз бақылауына алды.

Анас Хаккани, «Талибан» қозғалысының өкілі:

– АҚШ әскері әуежайға қандай нұқсан келтіріп, осы жерден қалай кеткенін бәрі көрді. Соңғы 20 жылда бейбіт тұрғындарды өлтіріп, қалаларды жойып жүрміз деп бізді жамандап жүргенін әлемдегі әр ел білуі тиіс. Бірақ Кабулға кіргелі біз бірде-бір нысанды құртқан жоқпыз. Әуежай да аман қалатынына үміттіміз, өйткені бұл ел тәуелсіздігінің рәмізі. Ұшақтар да мемлекет меншігі. Өкінішке қарай, олар ұшақтар мен өзге де көптеген нысандарды бұзды. Біз ел мүддесіне қызмет ету үшін әуежай жұмысын қалпына келтіреміз.

АҚШ әскерінің кеткеніне біраз халық қуанды. Олар аспанға оқ атып, Ауғанстанның толық тәуелсіздікке қол жеткізгенін айтып, жар салды. Ал Талибан қозғалысы басшыларының бірі Забиулла Муджахид Кабул әуежайында арнайы әскери бөліміне арнаған сөзінде жеңіспен құттықтап, қарапайым тұрғындарға қысым көрсетпеуге шақырды.

Забиулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:

–Бұл жеңіске сіздердің қайсарлықтарыңыздың арқасында жеттік. Бүкіл халықты азаттығымызбен құттықтаймын және енді ешкім Ауғанстанды жаулап алмайды деген үміттемін. Ауғанстандықтар өз елін өздері басқарады және бұл ислам үкіметі болады. Барлық жауынгерімізді тұрғындарға дұрыс қарауға шақырамын, өйткені халқымыздың бейбіт өмір сүруге құқығы бар. Біз елді билеу үшін емес, елге қызмет ету үшін келдік.

Көп ұзамай, Кабулдағы халықаралық әуежай қайта жұмыс істей бастады. Әзірге әуе рейстері ел ішінде ғана қатынайды. Тәліптердің өтініші бойынша, Ауғанстанға Катардан техника саласының мамандары арнайы шақырылған. Бұған дейін бұл елдің үкіметі Түркия билігімен бірігіп, Кабул әуежайын қайта ашуға көмек беру үшін 30 миллион доллар бөлген еді. Сондай-ақ Нидерландтың Сыртқы істер министрлігі де 1 миллион еуро көлемінде қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеген.

Жалпы елді қалпына келтіруге өз күші жетпейтінін түсінген Талибан басшылығы өзге елдерден көмек сұрады.

Забиулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:

– Біз барлық елдермен жақсы қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Ешкім бізді қауіп ретінде қабылдамасын, бізге де қатер төндірмесін. Елімізден қуылған америкалықтармен де жақсы қарым-қатынаста болғымыз келеді. Өйткені біз халықаралық қауымдастықтың бір бөлігіміз. Елімізді қалпына келтіре бастадық. Осыған байланысты әлемге айтар жолдауымыз – бұл істе бізге көмек беріңіздер.

Алайда өзге елдермен қарым-қатынас орнату үшін, тәліптер ең алдымен билігін рәсімдеуі тиіс. Ұйым басшылығы осы аптаның соңында жаңа үкімет құрамын жариялайтынын мәлімдеген болатын. Алайда мұны қайта келесі аптаға шегерді. Сондай-ақ, тәліптер алдында тұрған тағы бір мәселе – өздеріне бағынбаған жалғыз өңір- Панджшер алқабы. Мұнда елдің бұрынғы вице президенті Амрулла Салех пен аймақ көшбасшысы Ахмад Масуд Ұлттық қарсылық майданын құрып, «Талибан» билігін мойындаудан бас тартқан. Талибан жақсы дайындалған әскери бөлімдерін жіберіп, өңірді қоршауға алған. Қос тарап та қантөгісті қаламайтынын жеткізіп, соңғы уақытқа дейін келіссөздер жүргізген болатын. Алайда Талибан өкілдерінің мәлімдеуінше, қарсыластары болашақ үкіметте 30 процент орын беруді талап еткен көрінеді. Осыдан кейін екі жақ арасында әскери  қимыл басталып кетті. Жұма күні тәліптер Панджшер өңірін толық басып алды деген хабар тарады. Дегенмен Ұлттық қарсылық майданы бұл ақпаратты теріске шығарып, өз жағынан бір мыңға жуық тәліптің көзін жойғанын жариялады.

Әмәдуддин Муджахид, Ұлттық қарсылық майданының сарбазы:

– Өз бекіністерімізді ұстап отырмыз және шайқас жалғасып келеді. Дұшпанды қырдық. Мына қаруымды тәліптерден тартып алдым. Олардың мәйіттері жерде жатыр, бәрі оны көре алады.

Панджшер өңірінде не болып жатқанын дөп басып айту қиын. Бірақ оны басып алу оңайға соқпайтыны анық. Халық саны аз болғанымен, географиялық жағынан қорғанысқа қолайлы. Тау қоршауында тұр. Танк секілді ауыр техниканың өтуі қиын. Сондықтан саны жағынан басым  жауға тойтарыс беруге болады. Аты аңызға айналған қолбасшы Ахмад Шах Масуд осы өңірді өз бақылауында ұстап, кезінде Кеңес Одағының әскері де, кейін тәліптер де оны жеңе алған жоқ. Бұрынғы қателіктерін ескерген Талибан Панджшер өңіріне қару-жарақты жеткізуге жол бермес үшін, бұл жолы ең алдымен шекараларды өз бақылауына алды. Бұл жерді бағындыру тәліптерге өте маңызды. Өйткені өз қарамағындағы аймақтарда да қарсыластары жетіп жатыр. Сондықтан, ол бүкіл дұшпандарын біріктіретін орталыққа айналуы мүмкін.

Сондай-ақ...