Қырғызстанда «Лайт» вакцинасы шығарылады 

Қырғызстан коронавирусқа қарсы вакцина шығаруды көздеп отыр.

Бастаманы Ресей-қырғыз даму қоры қолдады. Екпе әзірленетін зауыттың құрылысы басталдып кетті. Жаңа нысан жыл соңында пайдалануға берілмек.

Ампуладағы инъекция шығаратын зауыттың іргетасы қаланды. Қабырғасы да көтеріліп жатыр. Нысан елдегі ірі фармацевтикалық компания жанынан бой көтереді. Құрылысқа 1 гектар жер бөлінген.

Наталья Щербакова, фармацевтикалық зауыт өкілі:

– Біздегі фармацевтикалық өнімдердің 90-нан астам атауы бар. Оның қатарында спазма, тамақ ауруларына арналған дәрілер, дәрумендер, қан аздыққа қарсы препараттар шығарылады. Оның бәрі Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген.

Зауыт 6 айдан кейін іске қосылады. Кейін мұнда жылына 175 млн инъекциялық ампула шығарылады. Коронавирусқа қарсы вакцина да осы жерде өндірілмек.

Рахим Бабаев, фармацевтикалық компания директоры:

– Мен бірнеше елді аралап, Спутник Ви вакцинасын шығару бойынша келіссөз жүргіздім. Ондай мүмкіндік бар. Егер мемлекет отандық өндірісті құптаса, біз дайынбыз. 

Бүгінде Ресей-Қырғыз даму қоры бастаманы қолдады. Келісімшарт та дайын. Сөйтіп, бұл мақсатқа 7,7 млн доллар бөлінетін болды. 

Авторы:Мерей Мұратханқызы