Гвинеяда арнайы жасақ мемлекеттік төңкеріс жасады

Гвинеяда әскердің арнайы жасағы мемлекеттік төңкеріс жасап, 83 жастағы президент Альфа Кондені биліктен кетірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ Қорғаныс министрлігі әскерилердің әрекеті жүзеге асқан жоқ дейді. Мемлекет басшысының өзі көрінбейді. Халықтың алдына шыққан жоқ. Ал арнайы жасақтың өкілдері мәлімдемені мемлекеттік телеарнадан жасаған. Олардың басшысы полковник Мамади Думбуяның айтуынша, президент солардың қолында және ел шекарасы жабылып, коменданттық сағат енгізілген. Ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, мемлекет басшысы сарайының жанында атыс болып, кейін әскерилер ауданды жауып тастаған.

Төңкеріс жасаушылар өкілі:

- Президент Альфа Конде аман-есен және оған ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оның медициналық көмекке жүгінуіне және жақындарымен араласуына барлық мүмкіндік жасалған. Уақыты келгенде қазіргі жағдайды түсіндіріп айтамыз. Үкіметтің барлық мүшелері бүгін сағат 11-де парламент ғимаратына жиналысқа келуге тиіс. Кез келген тәртіп бұзушылық бүлік деп саналады.

Айта кетейік, Гвинея - Африкадағы ең кедей елдің бірі. Ал 83 жастағы президент Альфа Конде - өмір бойы елдегі авторитарлық билеушілермен күресіп, билікке жеткен саясаткер. Түрмеде де отырып, кейін босап шыққан. 2010 жылғы әскери төңкерістен кейінгі сайлауда жеңіске жетіп, Гвинеяның алғашқы демократиялық жолмен сайланған мемлекет басшысы атанды. Бірақ 2015 жылы қайта сайланған. Кейін қолына билік түскен соң, өзі де елді авторитарлық басқару жолына көшкен.