Карантин шектеулері әлем бойынша 660 млн оқушыға зиянын тигізді

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының мәліметі бойынша пандемия басталғалы каронавирустық шектеулерге байланысты мектептердің жабылуынан әлемде 660 млн оқушыға зиян келді. Енді биылдан бастап жаңа оқу жылы көптеген елдерде офлайн басталуда. Десе де, санитарлық ережелерге қойылған талап қатаң. Жаңа штамдардың етек жаюына байланысты мамандар өңірлерде екпе егу науқанын жеделдетіп жатыр. Сыныптағы оқушылардың саны шектелді, ал маска тағу режиміне ерекше мән берілді.

Жер-жаһанды жайлаған пандемиядан зардап шеккен оқушылар биыл партаға қайта отыра бастады. Балалар мектеп табалдырығын аттап дәстүрлі оқу форматында білім алуда. Индонезияда бір жылдан астам уақыт бойы қара құлып ілінген мектепттерде жаңа ережелер енгізілді. Атап айтқанда, бұдан былай балалар бір-бірімен әңгіме дүкен құрып, үзіліс кезінде сыртқа шыға алмайтын болды. Ал сабақ үстінде маскасын шешуге тыйым салынды. Сыныптағы оқушылардың саны 50 процентке қысқарды, мұғалімдер болса, міндетті түрде вакцина салдыруы тиіс.

Наташа Аззопарди-Маскат, ДДСҰ өкілі:

- Балаларымыз COVID-19 пандемиясынан қатты зардап шекті. Онлайн оқудың пайдасы болмады.  Өйткені бастауыш сынып пен жоғарғы сынып оқушылары білім беру бағдарламасын толық меңгере алмаған. Балалардың  психологиялық денсаулығына да кері әсері тиді. 

Вирус өршіп тұрған Үндістанда да білім ошақтары біртіндеп ашылып жатыр. Қыркүйек бойы әлі 6 штатта мектептер мен колледждер жұмысын жандандырмақ. Сарапшылар балалардың вирус жұқтыруы төмен деңгейде екенін айтып, ғаламтор желісі жоқ шалғай елді-мекендерде оқуды шұғыл офлайн жалғастыру керек дегенді алға тартады. 

Ал Марокко билігі балалардың екпе егу шарасын үдетіп жатыр. Енді 12 мен 17 жас аралығындағы жас өспірімдер коронавирусқа қарсы вакцина ала алады. Мамандар бұл шара мектептердің ашылуы үшін қажет дейді. Осыған орай елде 420 екпе егу орталықтары ашылды. Балалар препаратты тамыздың 31-інен бастап қазанның 3-іне дейін қабылдай алады.

Наташа Аззопарди-Маскат, ДДСҰ өкілі:

- Мектептер ашылғаннан кейін балалар арасында вирус жұқтырғандардың қатары арта түсетіні сөзсіз. Өйткені бұл адам көп шоғыранатын жер болып саналады. Сондықтан карантиннің алдын алуы үшін вакциналау жұмысын жеделдету керек. 

Бүгін Вьетнамда шамамен 23 млн студентке  сабақ басталды. Алайда олардың барлығы білім мекемелерінде оқымайды. Көбі қашықтан онлайн платформалармен оқуға мәжбүр. Қазір ел тұрғындарының басым бөлігі қатаң карантинде. Бұған аймақтағы эпидемиологиялық ахуал себеп. Соңғы екі апта бойы елде науқас саны бойынша тәуліктік рекорд тіркелуде. Осыған орай кей мектептерде уақытша ауруханалар жасақталды. 

Хан Бинь Куонг, оқушы:

- Пандемияның кесірінен үйде отыруыма тура келеді. Мектепке бара алмағаным өте өкінішті. Бұл қашанға дейін жалғасады екен. Жақын арада жағдай оңалып, ұстаздарыммен және достарыммен қайта қауышатыныма үміттенем.  

Динь Бич Хиен, мұғалім: 

- Эпидемиологиялық жағдай өте күрделі болғандықтан қала карантинге жабылды. Сондықтан оқушылар мен студенттер онлайн оқуға мәжбүр. Бұл өте ыңғайсыз. Көптеген қиыншылыққа тап боламыз. Десе де, оқу бағдарламасынан қалыс қалмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.  

Перуде мұғалімдерді жаппай иммундау шарасы басталды. Ел президенті Педро Кастильо барлық ұстаздар мен білім ордаларының қызметкерлері егілген соң мектептердің жұмысы қайта жанданады дейді. Бүгінде мамандардың 60 проценті вакцинаның екі дозасын да қабылдаған. Алдағы екі айда тағы 177 мыңнан астам ұстазға вакцина салынбақ.

Педро Кастильо, Перу президенті: 

- Балалардың мектепке оралуы үшін екпе егу науқанын бір ізге қоюымыз керек. Бірінші кезекте вакцина егу мәселесін шешкен жөн.  Бұл үшін барлық жағдай жасалуда. Ауылды жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдердің көбі препаратты қабылдап үлгірді.  

Қытайда да кәмелет жасқа толмаған балаларға коронаиврусқа қарсы вакцина егу шарасы қарқын алып барады. Сямэнь  қаласының өзінде 12 мен 14 жас аралығындағы балалардың 75 проценті егілген. Бұл шара Шанхай қаласында да іске қосылды. Балалар екпені арнайы ашылған орталықтар мен мектептерде қабылдап жатыр.