Чилиде жасы 6-дан асқан балаларға вакцина салынады

Чили билігі жасы 6-дан асқан балаларға Қытайдың «Синовак» компаниясы шығарған «Коронавак» вакцинасын салады.

Мұндай шешім Латын Америка елдерінде алғаш рет қабылданды. Жаңа шараны талқылаған жергілікті Халық денсаулығы институтында 6 маманның біреуі қарсы болып, қалғаны қолдап, дауыс берген. Енді Денсаулық сақтау министрлігі вакциналаудың басталатын күні мен тәртібін айқындауы тиіс.

Чили қазірге дейін ересек тұрғындардың 75 процентіне вакцина салып үлгерген.

«Синовак» екпесі сыналған зерттеуге 3 пен 17 жас аралығындағы 4 мың бала қатысқан.

Айта кетейік, АҚШ, Канада, Сингапур және Гонконг 12 жастағы балаларға «Файзер» препаратын қолдануға рұқсат берген болатын.

Хериберто Гарсиа, халық денсаулығы институтының директоры:

– Балаларымызды лайықты қорғай алсақ, үлкендерімізді де қорғаған боламыз. Олардың отбасылары алаңсыз болады. Коронавирус басталғанда, біз балаларға бұл ауру жұқпайды деп ойладық. Бірақ зерттеулер індеттің балалар арасында да тарала бастағанын көрсетті, себебі олар вакцина салдырмаған.

Сондай-ақ...