Құндылығын жоғалтпаған көне көліктер көрмесі ашылды

Германияның Мюнхен қаласында көліктер көрмесі ашылды. Шоуда неміс алпауыттары тұтынушылар назарына өздерінің соңғы үлгідегі көліктерін ұсынған. Сондай ақ автошоуда классикаға айналған ескі көліктерді де тамашалап сатып алуға болады.

Әр екі жылда бір рет Франкфурт қаласында өткізілетін автошоу биыл Баварияның орталығы Мюнхен шаһарында ұйымдастырылып отыр. Көрмеге неміс алпауыттарының су жаңа жоғары технологиялық көліктерімен қатар, көне классикалық және спорттық карлар да қойылған. Бағзы заманда аз тиражбен шығарылып, қазір тек коллекционерлердің иелігінен кездестірілетін көне көліктерге арнайы бұрыш ашылған. Кейбірін сатып алуға да болады. Мысалы, 1957 жылғы мерседес көлігі 1 миллион 150 мың еуро тұрады. Қымбат, бірақ сапасы мінсіз дейді мамандар.

Андреас Дюнкель, Motorworld көрмесінің бас директоры:

– Қазір көліктерде пластиктен жасалған бөлшектер көп. Ал ол кездерде бұл материал аз болғандықтан сирек пайдаланылды. Сондықтан оны көлікте қолдану нағыз шеберлік болды. Оның үстіне мұндай тұлпарлар арнайы тапсырыспен жасалатын. Көне көліктер осынысымен құнды.

Ал экспонатқа қойылған «Ролс-ройс Силвер Клауд 2» көлігі тіпті қымбат. 1970 жылы шығарылған темір тұлпар 1 миллион Свароский кристалымен безендірілген. Шараны ұйымдастырушылар қазіргі кездегі көліктер де уақыт өте дәл осылай сирек кездесетін автомобильдер қатарын толтыратынын айтады.

Андреас Дюнкель, Motorworld көрмесінің бас директоры:

– Қазір біз неоклассика туралы айтамыз. Мына тұрған көліктердің кейбірі өздерінің дизайны және өзге де ерекшеліктеріне байланысты 50-100 дана ғана шығарылуы мүмкін. Яғни олар 50 жылдан кейін классикалық көлікке айналады.

Көрмеде Голливуд киноларында қолданылған көліктер мен көпшілікке танымал тұлғалардың темір тұлпарларын да тамашалауға болады. Олардың арасынан әйгілі «Форсаж» фильмінде түсірілген «Ниссан Скайлайнды» да көре аласыз. Ал 1970 жылы шығарылған мына «Ролс-Ройсты» әйгілі боксшы Мұхаммед Әли мінген. Мюнхендегі автокөрмеде электркарларға көп мән берілген.

Неміс көлік шығарушыларының шарасы қыркүйектің 12-сіне дейін жалғасады.

Авторы: Дәурен Ақашұлы