Бразилияда заңсыз алтын өндіру бизнесі табиғатқа зор залал келтіруде

Бразилияда заңсыз алтын өндіру бизнесі қарыштап тұр. Бірақ бұл кәсіп онымен айналысқандарды пайдаға кенелтсе де, қоршаған ортаға зор залал келтіруде. Алтынға құныққандар орман ағаштарын кесіп, өзендерді ластап жатыр.

Мынау сарылдап ағып жатқан жай қара су емес. Арасында алтын бар. Тек сүзіп алу керек. Ал қазынаны жасырған жер қыртысына жету үшін ну орман оталады. Соңғы 10 жылда Бразилияның кейбір өңірлерінде заңсыз алтын өндірілетін аумақ көлемі қорықтарда 301, ал байырғы халық мекендейтін жерлерде 465 процентке ұлғайған. Бразилиядағы барлық алтын қорының Амазон өзенінің бойында болуы, дарияның бағы емес, соры болып тұр. Мәлімет бойынша, қазір Амазон өзенінің бойында заңсыз алтын өндіретін 4470 алаң бар. Бұл осы елдегі бүкіл алтын өндіру ісінің 93 проценті.

Суели Араужо, Климатты басқару мекемесінің маманы:

– Заңсыз кен өндірудің қоршаған ортаға тигізіп жатқан зияны өте орасан. Оның орнын толтыру мүмкін емес. Мұндай алапат зардаптан кейін табиғаттың өз-өзіне келуі екіталай. Алтынды өндіру кезінде қолданылатын сынап адам денсаулығының ата жауы. Жыл сайын 10 шаршы шақырым орман оталады. Бұл сұмдық 3 жыл бойы үздіксіз жалғасып келеді. Бұл экологиялық және әлеуметтік қасірет. Кім жауапты?

Қазіргі президент ЖаИр БолсонАру осыдан 2 жыл бұрынғы сайлауалды науқанда өз бетімен алтын өндірушілердің кәсібін заңдастырамын деп сөз берген болатын. Қазір тиісті заң жобасы Конгресс қарауына ұсынылған. Осы құжаттан үміті зор, басқа күнкөріс амалы жоқ кеншілер әзірге жүзін жасырып сұхбат беруге мәжбүр. 

Ұлттық кен өндіру агенттігінің есебі бойынша, бір ғана Пара штатында жылына 30 тонна алтын өндіріліп, 1 миллиард 1 миллион АҚШ долларына сатылады. Бұл заңды жолмен өндірілген алтыннан түскен қаржы көлемінен 5 есе көп.

Авторы: Ернат Мелсұлы

Сондай-ақ...