Ауғанстанда 18 млн адам тойып тамақ ішпейді

Ауғанстанда гуманитарлық дағдарыс күн өткен сайын ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

БҰҰ-ның айтуынша, ел экономикасы жуық арада мүлде тұралауы мүмкін. Бүгінде ауған жерінде 18 млн адам тойып тамақ ішпейді. Баспанасынан айырылып, шетелде бас сауғалап жүргендердің қатары да артып барады. Олардың арасында әйелдер мен балалар көп. Ал елде қалған тұрғындардың басым бөлігі екі қолға бір күрек таба алмай жүр.

Халықаралық сарапшылар ел қазынасындағы қаражат пен азық-түлік қоры бір айға да жетпей қалуы мүмкін деп отыр. Бүгінде елде дәрі-дәрмек тапшы. Ал шет елдің қаржылай көмегінен қағылған ауруханалар жабылуға шақ қалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осы аптада елдегі 2300 медициналық мекеменің 90 проценті жұмысын тоқтатуы ықтимал деп дабыл қағады. Осыған орай 500-дей медициналық орталықты аман алып қалу үшін халықаралық қауымдастық аймаққа қаржылай қолдау мен қажетті медициналық құрал-жабдықтарды жеткізуді жоспарлап отыр. 

Рик Бреннан, ДДСҰ Шығыс Жерорта теңізі аймағы кеңсесінің директоры:

– Медициналық мекемелердің жабылуымен елде ауру мен өлім-жітім көбеюі мүмкін. Дүниежүзілік банк, Еуропалық одақ және АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі сияқты 3 донор ережелері бойынша дәл қазір «Талибан» жасақтаған үкіметпен жұмыс істесе алмайды.

Жақын арада Катар билігі де ауған жеріне гуманитарлық көмек жөнелтпек. 26 тонна азық-түлік пен дәрі-дәрмек тиелген ұшақ Кабул әуежайына қонуы тиіс.

Ауғанстанда шамамен 18 млн адам аштықтың ауыр зардабын тартады дейді. Қазір елдегі әр үшінші тұрғын аш құрсақ жүр. Ал келесі жылы елдегі балалардың тең жартысы тойып тамақ ішпеуі әбден мүмкін. Бүгінде отбасын асыра алмай жүргендер Кабул қаласындағы коммерциялық емес ұйымдардың есігін қағуға мәжбүр.

Махбоба Рави, қайырымдылық ұйым өкілі:

– Көмекке мұқтаж жандардың саны күн өткен сайын артып барады. Араларында жүкті әйелдер мен кішкентай балалар көп. Жағдай өте күрделі. Біздің ұйым балалар үйі, медициналық мекемелер мен мектептерге көмектесуге тырысады. Бірақ соңғы кездері көп нәрсе қолымыздан келмей тұр. Қазір Панджшердегі жағдай да қиын. Аймаққа ешкім кіріп шыға алмай отыр. Тұрғындар жарықсыз, ғаламторсыз, байланыссыз қалды. Оларға Біріккен Ұлттар ұйымының көмегі керек.

Кабул әуежайының жабылуына қарамастан БҰҰ Ауғанстанға азық-түлік жеткізу мәселесін қолдан келгенше шешуге тырысып жатқанын айтады. Гуманитарлық жүк аймаққа Пәкістан шекарасы немесе Мазари-Шарифа әуежайы арқылы жеткізілді. Бірақ бұл жәрдем қалың бұқараға жұқ болмай тұр. Мәселен, аймақтағы балаларды ғана тойдыру үшін кем дегенде 200 млн доллар қаражат керек екен. Оған қоса БҰҰ-да жұмыс істейтін қыз-келіншектер билік басына тәліптер келгелі қызметін жалғастыра алмай қалды. Бұл да ұйым жұмысын тұралатты. Жалпы тізгін тәліптерге тигелі көптеген әйел нәпақасынан айырылды. Осыған орай  өткен аптада ауған әйелдері бірнеше қалада көшеге шықты. Оларды тарату үшін тәліптер әуеге оқ атты.

БЛИЦ:

– Біз өз құқықтарымызды қорғау үшін шықтық. Ер адамдар сияқты жұмысқа шығып, нәпақамызды табуымыз керек. Саяси экономикалық іс-шараларға қатысуымыз керек. Даму үшін білім алуымызға құқылымыз.

Гуманитарлық дағдарыс дендегенімен батыс елдері аса аяушылық танытып жатқан жоқ. Себебі халықаралық қаржы ұйымдар бөлінетін ақша қарапайым халыққа емес, тәліптердің қолына түседі деп алаңдаулы. Осыған орай АҚШ билігі Ауғанстанның 9 млрд доллар көлеміндегі валюта қорын бұғаттап тастады. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры Ауғанстанға бөлінетін гранттар мен қаржылық операциялардың барлығын тоқтатты. Ал доллар айналымы азайған соң елдің ұлттық валютасы 10 процентке құлдырады.

* Еске сала кетсек, Талибан ұйымына Қазақстандағы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен тыйым салынған.

Сондай-ақ...