Литвада босқындардан қорғану үшін қоршау салынады

Чехия билігі Литваға 530 мың еуро бөледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаражат шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалады. Атап айтқанда, Беларусьпен арадағы шекараға қоршау салуға бағытталады. Биыл Литваға дәл осы мемлекет арқылы 4 мыңнан аса мигрант келген. Көбі – Ирак азаматтары. Енді литвалықтар заңсыз босқындардан қорғану үшін келесі жылдың күзіне дейін қоршау құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. 500 шақырымдық қорған салу жұмысына 152 миллион еуро бөлінуі тиіс.

Айта кетейік, босқындар легіне байланысты Польша Беларусьпен арадағы шекарасында бір айға төтенше жағдай жариялады.