Мексикада жер сілкініп, бір адам қаза тапты

Мексиканың солтүстік-шығысында жер сілкінді. Зілзала қуаты 7,4 балды құраған. 

Алдын ала ақпарат бойынша бір адамды бағана басып қалып, мерт болды.

Мексиканың Ұлттық Сейсмология қызметінің хабарлауынша, негізгі зілзаладан кейін 70-тен аса жерасты дүмпулері қайталанған. Ол бірнеше қалада, оның ішінде ел астанасында да сезілген. Мехикода ғимарат қабырғалары шытынап, бірқатар аудан жарықсыз қалды. Дегенмен, билік зақым аса ауқымды емес дейді. Зілзала кезінде үйлерінен жеңіл қашып шыққан тұрғындар қорыққаннан әлі де ішке кірмей, көшеде жүр.

- Зәреміз ұшты. Ғимараттан тез шығып кетуді ғана ойладық. Айқай-шу болды. Әне-міне үйіміз қирап, астында қалып қоятындай қорқынышты сезімде болдық. Әлі өзіме келе алмай тұрмын.