Ауғанстанда тек жалпыұлттық келісілген билік құрылғанда тұрақты бейбітшілік орнайды – БҰҰ

Премьер-министрдің міндетін Қандағарда дүниеге келген, молда Мохаммад Хасан Ахунд атқаратын болды. Ол осы уақытқа дейін тәліптердің жоғарғы кеңесі Шураны басқарған. Оның екі орынбасары болады. Бұл лауазымның біріне «Талибан» саяси кеңсесінің жетекшісі Абдул Гани Барадар бекітілсе, екіншісіне Абдул Салам Ханафи тағайындалды. Тағы бір маңызды сала Ішкі істер министрілігн Сираджуддин Хаккани басқарады. Оны кезінде АҚШ-тың Тергеу бюросы іздеуге жариялап, ол туралы ақпарат үшін 5 миллион доллар сыйақы да тағайындаған еді. Ал радикалды қозғалыстың жетекшісі Мавлави Хайбатулла Ахундзада елдің діни көсемі атанған. Билік те осы тұлғаның қолында шоғырланады. Қалай дегенмен, тәліптер өздерінің өзгерген саяси күш екенін сендіріп, халыққа төзімділік танытуға шақырып отыр. 

Забиулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының өкілі:

- Біздің ел басқыншылықтан азат етіліп, еркіндігін алды. Халық қауіпсіздікке қол жеткізіп, алғаш рет мықты үкімет жасақталып отыр. Адамдар заңдық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалу үшін кешенді іс-шаралар қолға алынатын болады.

Жалпы үкімет әлі толық жасақталып бітпеген. Қазірге дейін 19 министр мен Орталық банк, Бас штаб және Барлау қызметінің басшысы тағайындалған. Тағы бір қызықты жайт дәл осы Барлау қызметі жетекшісі болып, 2002-2014 жылдары Гуантанамо түрмесінде отырып, кейін американдық әскериге айырбасталған Абдул Хак Васик бекітілді. 

Забиулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының өкілі:

- Қалған министрлер мен ведомстволардың басшылары жуық арада біртіндеп тағайындалатын болады.

АҚШ және Еуропаның кейбір елдері тәліптердің жаңа үкіметінің құрамына алаңдаушылығын білдірді. Әсіресе министрлер кабинетінде бірде бір әйелдің болмауын сынады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы тәліптер билігін тануға қатыспайтынын бірақ елдегі бейбіт өмір орнауы үшін қолдау көрсетуге әзір екенін айтты. 

Фархан Хак,  БҰҰ БАС Хатшысының ресми өкілі:

- БҰҰ үкімттерді тану істеріне араласпайды. Бұл ұйымға мүше елдердің құзырындағы міндет. Ал бүгінгі Ауғанстандағы үкіметтің жасақталуына байланысты мынаны айтамыз. Ауғанстанда тек жалпыұлттық келісілген билік құрылған да ғана тұрақты бейбітшілік орнайды. Біз елдегі жағдайды бейбіт реттеуге, адам құқықтарын қорғауды қолдауға және халыққа гуманитарлық көмек көрсетуге дайынбыз.

Кабулда уақытша үкімет құрамы жариялана салысымен жүздеген адам көшеге шығып, тәліптердің билігіне қарсы наразылық шеруі өтті. Халық Панджшер провинциясында қарсылық танытушы ұлттық майданға қолдау білдіріп, Пәкістанды айыптады. Тәліптер шеруді күштеп таратты. Жергілікті телеарнаның бір тілшісі жарақат алып, оның операторы қамалған. Өзге жапа шеккендер туралы ақпар жоқ.

- Ауғанстан әрдайым тәуелсіз ел болған. Пәкістанға бұл жерде орын жоқ. Олар біздің мемлекеттің ішкі істеріне араласуын тоқтатып, елден кетуі тиіс. 

«Талибан» үкіметін әлемде әлі бір де бір мемлекет мойындаған қойған жоқ. АҚШ, Ресей және Еуропа елдері тәліптермен жуық арада ресми қатынас орната қоймайтынын және қозғалыстың іс-әрекетін мұқият қадағалайтынын айтып отыр. Және ресми байланыс «Талибан» өзіне алған халықаралық міндеттерді орындап, елді өркениетті жолмен дамыту жолына түссе ғана қалыптасатынын ескертті. 

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...