Үндістанда қауіпті нипах вирусы тарала бастады

Үндістанда нипах вирусы тарала бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бұл індетке шалдыққандардың 40-тан 75 процентіне дейін өлім құшу қаупі бар.

Ең қатерлі аймақ - Керала штаты болып тұр. Мұнда 11 науқас анықталған. Бірер күн бұрын ғана аталған аймақта нипахтан 12 жастағы ұл бала қайтыс болды. Жаңа індеттің таралуына байланысты бірнеше штатта қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Эпидемиологтар ең үлкен қауіп балаларға төнуі мүмкін деп дабыл қағуда. Мамандар әлемдегі ең қатерлі деп атаған Нипах вирусының таралуы туралы Ернат Мелсұлы тарқатады.

Керала штатындағы ауруханада ата-аналардың зары мен балалардың жанайқайынан құлақ тұнады. Қатерлі вирус Кожикоде қаласын үрей құшағында ұстап отыр. Дәрігерлердің айтуынша, 11 науқастың халі мүшкіл. Алдында 38 адам оқшауланған еді, бүгін олардың саны 3 есе артты. Балаларын жетектеген жүздеген тұрғын емханалардың табалдырығын тоздырып жүр. 12 жастағы өрімдей ұлдың өлімі елді есеңгіретіп тастады.

Сандеш Падита Кожикоде тұрғыны:

–Баламның температурасы жоғары болып тұр. Басы да қатты ауырады. Көршім нипахтан көз жұмған әлгі баланың ауруы да осылай басталған деп шошытып қойды.

Лата Хемгала Кожикоде орталық ауруханасының аға дәрігер-эпидемиолог:

– Ауруханаға келген барлық адамды тексереміз, анализдерін аламыз. Бұл індетті бірден анықтау қиындау. Нәтижені Нью-Делиге, зерттеу орталықтарына жібереміз. Келгендердің көбі тұмауратып, басынан күн өтіп, басқа ауруға шалдыққандар. 3 ер адамнан коронавирус анфықталды. Оларды оқшауладық.

Нипах вирусы тамақ арқылы жануардан және адамнан адамға жұғады. Әзірге одан емдейтін ешқандай дәрі жоқ. Бұл індет Керала штатында 2018-2019 жылдары таралып, біраз адам ажал құшқан болатын.

Леандер Хриштан Кожикоде әкімшілігінің ресми өкілі:

– Кералаға бүгін Ауруларды бақылау ұлттық орталығынан мамандар келді. Жергілікті дәрігерлердің вируспен күресуге шамасы жетпей жатыр. Нипахты жұқтырғандар арнайы жатақханаға жатқызылады. Ондағы студенттер үйлерге жіберілді.

Керала әкімшілігі алаңдауға еш негіз жоқ дейді. Себебі үкімет індет таралған қаланы ғана емес, тұтас штатты, сондай-ақ онымен шектес 3 аймақты қатаң бақылауға алған. Жағдай Үндістан президентінің тікелей назарында тұр дейді жергілікті шенеуніктер. 

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Александр Калюжный, Дмитрий Лукша