Францияда Батаклан оқиғалары бойынша сот процесі басталды

Бүгін Францияда Батаклан оқиғалары бойынша сот процесі басталды.

2015 жылдың 13-қарашасында лаңкестік шабуыл ұйымдастырды деген күдікке 20 адам ілінген. Олардың он төрті сот алдында жауап береді. Қалған алтауы сол оқиғалардан кейін Таяу Шығыстағы жанжалда қаза тапқан көрінеді. Басты айыпталушы  – Салах Абдеслам. Ол оқиғадан кейін бірнеше ай өткен соң Бельгияда ұсталған. Қалған сотталушылар лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыруға көмектескені үшін айыпталып отыр. Еске салайық, 2015 жылы 13-қарашада Парижде қатарынан үш лаңкестік шабуыл болды. Салдарынан 130 адам қаза тауып, 350 адам жараланған. 

Филипп Дюперрон, 13/11/15 құрбандары қауымдастығының Президенті:

– Бұл процессті алты жыл күттік. Неліктен осынша ұзақ уақыт кеткенін де білеміз. Тергеу мұқият өтті, кейін ковид дағдарысы басталып кетті. Біз де сотты уайыммен күтіп отырмыз, өйткені сол оқиғалардың қайғы-қасіретін қайта кешеміз. Жапа шеккендердің естеліктерін тыңдау – өте ауыр.

Сот процессі бейнетаспаға түсіріледі, бірақ ақпарат құралдарында жарияланбайды. Ұлттық мұрағатқа түсетін бұл деректер тек 50 жылдан кейін жария болады. Жапа шеккендерден жауап алуға бір айдан аса уақыт жұмсалады. Олардың саны 1800-дің шамасында. Куәгерлер арасында Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд та бар.