423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

V Дүниежүзілік парламенттер спикерлерінің конференциясы өтті   

  • 102
  • UPD: 23:58, 08.09.2021
V Дүниежүзілік парламенттер спикерлерінің конференциясы өтті   

Еуропаның сәулетті шаһары – Вена әлемнің жүзден астам елінен келген Парламент өкілдерін қарсы алды. 5-ші дүниежүзілік парламент спикерлерінің конференциясы былтыр өтуі тиіс еді, алайда пандемияға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылған. Дегенмен жаһандық проблемаларды көзбе-көз жүздесіп талқылау қажеттілігі туды. Жиынға қазақстандық тарапты мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастап барды. 

Австрия халқының саны бар жоғы 9 миллионнан сәл-ақ асады. 80 проценті екпе салдырған, соңғы статистика бойынша қазір 17 мың адам ковидке шалдыққан. Пандемияның кесірінен уақыты бірнеше рет шегеріліп келген 5 нші дүниежүзілік парламент спикерлерінің конференциясын өткізудің сәті енді түсті. Жер жиһанның парламентшілерін жиған Венада қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлінген. Шетелдік меймандар күнделікті тест тапсыруға міндеттелген. Ковидтен қорғану талаптары ескеріліп, әр ел үшін делегация құрамы шектеулі.

Делегаттар сақтану шараларын қатаң ұстанып, әлеуметтік ара қашықтықты да жадынан шығарған жоқ. Венадағы жиынға төрткүл дүниенің 100 ден астам мемлекетінен парламент спикерлері қатысты. Қазақстандық парламентшілерді бастап барған мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз сөйлеп, күн тәртібіне сай өз пайым-пікірін жеткізді. Әуелі тиімді мемлекет пен әділ қоғам құрудағы Елбасының ролі мен дәл осы саяси бағытты сәтті жалғастырған Президенттің бастамаларына тоқталды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы:

– Бүгін осы Венада өтіп жатқан маңызды жиында бүкіл әлемге тараған пандемия жағдайы, халықаралық әріптестік, бейбітшілік және қауіпсіздік сияқты басқа да көптеген мәселелер талқыланды. Және осы форумға жиналған Парамент өкілдері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кеемелұлы Тоқаевтың саяси реформаларына, саяси бастамаларына ерекеше көңіл бөлді. Бұл әрине біздің қазақстандық даму жолымыз бүкіл әлем елдерінің назарында екенінің тағы бір нақты көрсеткіші. 

Әлем парламентшілері тәж тажалымен күрес, ковидтен кейінгі жаңа өмірге бейімделу, гендерлік теңдік мәселелері бойынша өз көзқарастарын ортаға салды. Қаузалған көп тақырыптың тұздығы – ауған мәселесі. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин күллі әлем көз тіккен Ауғанстандағы тұрақтылыққа қатысты кесек ойын білдірді. Бұдан бөлек мәжіліс спикері жиналғандарға жер жиһанды діңкелеткен пандемия жағдайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасын жеткізді. Шетелдік парламентарийлер қолдау білдірді.

Мартин Чунгонга, Парламентаралық одақтың Бас хатшысы:

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы шешімі халықаралық қауымдастықтың үлкен қызығушылығын туғызуда. Коронавирус пандемиясының салдарынан болып отырған қазіргі жағдай бұл бастаманың өзекті екенін көрсетіп отыр. Әлем парламентарийлері бұл ұсыныстың маңыздылығын айтып қолдау білдіруде.

Маргарета Седерфельт, ЕҚЫҰ парламентаралық ассамблеясының Президенті:

– Қазақстан Президентінің бастамалары, әсіресе жастарды мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатыстыру туралы, гендерлік теңдік жайлы реформалары көңілге қонымды. Қазақстан бұдан әрі де заман ағымына сай даму жолын жалғастыра берсін деп тілеймін.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен ауқымды жиын аясында бірнеше екіжақты кездесулер өткізілді. Парламентаралық одақ төрағасы Дуарте ПашЕкомен жүздесу барысында тараптар жаһандық проблемалардың заңдық тұрғыда қолдау табуының маңыздылығына тоқталды.

Сондай ақ мәжіліс төрағасы Испания корольдігі депутаттар конгресінің төрағасымен, Корея Республикасы ұлттық ассамблеясының басшысы Пак Бен Сокпен кездесу барысында тараптардың сауда экономикалық байланысын қыздыру үшін парламентаралық серіктестікті тереңдету жайында сөз қозғады. Бұдан өзге Әзірбайжан ұлттық мәжілісі мен Қырғызстан,Бельгия парламенттерінің төрағаларымен кездескен Нұрлан Нығматулин заңнамалық тәжірибе алмасудың өзектілігін айтып өтті.

Еуропа мен Азияның өзге де делегаттарымен ұзын саны ондаған кездесу өткізген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин баршаны еліміздегі саяси реформалардан хабардар етті. Адамдардың құқы қорғалып, жарқын өмір сүруі, гендерлік теңдік, жаһандық қауіпсіздік секілді салмақты тақырыптар хақында салиқалы ойлар айтылып, шешімдер ұсынылатын дүниежүзілік парламенттер спикерлерінің конференциясы енді 5 жылдан кейін өтетін болады.

Авторы: Индира Жылқайдарова

Хабар 24 телеарнасы