Өзбекстандық ғалымдар жеуге жарамды вакцина ойлап тапты

Яғни, адам қызанақ жеп, коронавирусқа қарсы екпе ала алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ оны кең қолданысқа енгізуге әлі ерте. Өйткені бұл өнім әзірге клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр.

Жеуге жарамды вакцинаның алғашқы кезеңі дәл осы зертханадан басталады. Қазір өзбекстандық ғалымдар мақта, темекі және қызанақ өсіруде. Бұлардың барлығы – ГМО өнімдер. Өйткені әр өсімдіктің жасушасына COVID-19-дың гені енгізілген. Сондықтан өсімдіктер трансформацияланып өседі дейді мамандар. Арасында жақсы нәтиже көрсеткен қызанақ болған.

Забардаст Буриев, ғылым академиясы геномика және биоинформатика орталығының директоры:

- Біз коронавирустың S ақуызын клондадық. Кейін оны қызанаққа енгіздік. Неге бұл өнім таңдалды деген сұрақ тууы мүмкін. Өйткені, бұл көкөністі біз термоөңдеуден өткізбей-ақ жей береміз. Егерде қызанақты суда қайнатсақ немесе ыстық температурада ұстасақ, онда вакцинаның қасиеті жойылып кетеді. Бұл өнім асқазан арқылы ішекке өткеннен кейін ағзаға еркін сіңеді. Содан соң антиденелер пайда бола бастайды.

Жеуге жарамды вакцинаның тиімділігі жоғары, әрі адамдарға қолдануға болады деуге әлі ерте. Себебі қазір клиникаға дейінгі сынақтар өтіп жатыр. Яғни, өнім зертханалық тышқандардың тамағына қосылып берілуде. Барлық тексерісті толыққанды жүргізу үшін шамамен 2-3 жыл уақыт қажет. Ал мұндай вакцинаның тиімділігі – оны өсіру мен қолдану үшін көп қаржы кетпейді дейді мамандар.

Забардаст Буриев, ғылым академиясы геномика және биоинформатика орталығының директоры:

- Бұл вакцина қарапайым қызанақ секілді өседі. Ерекше күтіп-баптаудың қажеті жоқ. Дәнін екеннен бастап өнім шыққанға дейін 3 ай уақыт кетеді. Алдағы уақытта жеуге жарамды вакцинаны кез келген адам алып өсіре ала ма деп көп сұрайды. Жауап – жоқ. Біз ондай мүмкіндік бермейміз. Біздің бақылауымызда болатын арнайы плантацияға ғана егіледі. Өйткені қажетті дозаны белгілеуіміз қажет. Яғни, адам емін-еркін базардан сатып алып, жей алмайды. Тек дәріханаларда ғана сатылады деп жоспарлап отырмыз. Қазір клиникалық сынақтар басталмағандықтан дөп басып айта алмаймын.

Жалпы жеуге жарамды вакцина жасау адамзат үшін тың жаңалық емес. Бұған дейін де түрлі елдің ғалымдары гепатит, шешек сынды ауруларға қарсы тұра алатын өсімдік тектес екпелерді жасаған. Қазір өзбекстандық ғалымдармен қатар Канада және Ресей мемлекеттерінің мамандары да коронавирус инфекциясына дауа бола алатын жеуге жарамды вакцина жасауда. Әзірге ешбір елдің ойлап тапқаны қолданысқа енген жоқ. Себебі көптеген сынақтан егжей-тегжейлі өтуі тиіс.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов