Грузияда балабақшалардың биыл ашылуы екіталай

Грузияда балабақшалардың жабылғанына бір жарым жыл болды, деп хабарлайды «Хабар 24

Көп отбасы үшін бұл нағыз сынаққа айналып, қосымша ауыртпалық туғызды. Үйірмелер де бірде ашық, бірде жабық.

2020 жылдың наурыз айында балабақшалар жабылады деп ешкім ойламаған еді. Мектептер мен жоғары оқу орындары онлайн-алаңдарға ауысты. Ал Тбилисидегі мектеп жасына дейінгі 60 мыңнан астам бала үйлерінде қалды. Банк қызметкері Вероника Джиоева қазір қашықтан жұмыс істеп жатыр. Екі баласы бар, індет басталғанда кіші қызы Лилиана төрт жарым жаста еді. Қоғамдық көлік тоқтап, бала күтуші оларға келе алмай қалған.

Вероника Джиоева, Тбилиси қаласының тұрғыны:

- Былтыр балабақшаны ашқанда тек екі апта ғана бардық. Тәрбиеші немесе аспаз ковидпен ауырып қалса, жауып тастайды. Бұл жағдайдан анам құтқарды. Немересіне қарап, маған жұмыс істеуге мүмкіндік берді. 

Көптеген елдегідей Грузияда да ата-аналар қиналып қалды. Жұмыстан айырылып қалмау үшін кезекпен бала бағатын болды. Александр Долидзенің кіші қызы – Анастасия достарын сағынған. Оның айтуынша, үйде отырған балаға ата-ана балабақшадағы оқу процесінің орнын алмастыра алмайды.

Александр Долидзе, Тбилиси қаласының тұрғыны:

- Баланың бір жарым жыл үйде отырғаны қиын. Әйелім жұмыс істейді, бірақ күн сайын бармайды. Әрине мен де жұмыс істеймін. Осы екі арада жүгіруге тура келеді. Кейде баламен ол, кейде мен отырамын. Балабақшалар тезірек ашылса екен дейміз. Бірақ ауырғымыз да келмейді.

Балабақшалардың биыл ашылуы екіталай. Бәрі эпидахуалға байланысты. Әзірше елдегі жағдай ауыр. Екі аптадан кейін билік бұл жөнінде өз шешімін шығаруы тиіс. Ал қазір мемлекеттік мекемелер айына екі рет балаларға тиісті азық-түлік бөліп, қолынан келгенше отбасыларға көмектесіп жатыр. 

Юлия Тужилкина