425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Италияда ішкі туризм жанданды

  • 98
  • UPD: 23:56, 09.09.2021
Италияда ішкі туризм жанданды

Шетелдік туристер көп болмаса да Италия биыл туризм саласын қайта жандандыра алды. Қазір бұл ел ең көп саяхатшы келетін әлемдегі бес мемлекеттің қатарында. Былтыр коронавирус пандемиясының салдарынан туризм саласы 100 миллиард еуродан аса шығынға батқан еді. Ал биылғы жазда жағдай тұрақталды.  

Альпі тауларындағы шаңғы жолдары мен Сардиния аралы жағалауындағы мөлдір су. Италия өз шипажайларымен бүкіл әлемге танымал. Пандемияға дейін бұл елге демалуға жыл сайын 94 миллион адам келіп, 50 миллиард еуроға жуық қаражат жұмсайтын. Алайда індеттің кесірінен қонақүйлер мен мейрамхана иелерінің көбі күйрей жаздады. Ал биыл жазда ішкі туризм жанданып, жергілікті шипажайлар тіпті рекордтық көрсеткішке жетті. 

Диана, экскурсия жетекшісі:

- Биыл еуропалықтар, негізінен Италия тұрғындарының өзі ТМД мен Америка секілді алыстан келетін қонақтардың орнын толтырды деуге болады. Одан бөлек Сардиния турист саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Мысал үшін салыстырайық: 2019 жылы төрт адам орнымыздан қозғалмай, демалыссыз жұмыс істедік. Ал 2020 жылы әрқайсымызда 4-5 экскурсиядан болды.

Сондай-ақ Италияның 23 миллион тұрғыны биыл жазда өз елінде демалуды ұйғарған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 6 миллионға көп. Ал шетелден не бары 6 миллион турист келген. Негізінен  Германия, Франция мен Австрия азаматтары.

Тони, Германиядан келген турист:

- Айлап созылған локдауннан кейін мейрамханаларға барып, демалған қандай керемет. Сапарға дайындалғанда ғана қиналдық. Вакцина алдық. Індетті тек осылай  жеңуге болады деп санаймын. Ал балаларыма тест тапсыруға тура келді. Сондай-ақ, Италияға кіру үшін бірнеше құжат толтырдық. Оған 10 сағат уақытымыз кетті. 

Беате, Германиядан келген турист: 

- Пандемия кезінде саяхаттауға мүлде қорқпаймын. Үнемі бетперде тағып, арақашықтық сақтауға, әрі таза ауада болуға тырысамын. Демалысым жақсы өтіп жатыр. Мейрамхананың ашық алаңында тамақтансаң тест қажет емес. Жалпы өзімізді қауіпсіз сезінеміз.  

Италияда қазіргі кезде халықтың 62% вакциналанған. Бірақ бұған қарамастан өткен аптада елде жаңа шектеулер енгізілді. Енді пойызда, автобуста, мұражай мен стадиондарда вакциналау төлқұжатын немесе тест көрсету керек. Ереже бұзғандарға 400-ден бір мың еуроға дейін айыппұл салынады.  

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы