425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Оңтүстік Кореяда 2050 жылға дейін электр және сутегімен ғана жүретін көліктер қалуы мүмкін

  • 117
  • UPD: 11:55, 10.09.2021
Оңтүстік Кореяда 2050 жылға дейін электр және сутегімен ғана жүретін көліктер қалуы мүмкін

2050 жылға қарай Оңтүстік Кореяда тек электр және сутегімен жүретін көліктер қалады. Алдағы бірнеше жылда ірі автомобиль өндірушілері бензин мен дизельді көліктерді жасаудан бас тартпақ. Бұл туралы Оңтүстік Кореяда өткен сутегі өнеркәсібі көрмесінде айтылды. 

Трамвай, автобус, кеме және 4 секунд ішінде жылдамдығы 100 шақырымға  дейін жететін көлік. Оңтүстік Кореяда машиналардың кез келген түрі сутегімен жүре алады. Тіпті құрылыс техникасы да. Осындай модельдер әлемде алғаш рет Кореяда өтетін көрмеде ұсынылды.

Квон Сун Гван, құрылыс техниканы шығаратын компания өкілі:

– Мына жүк машинаны бір қуаттап қойсаңыз 5 сағат жұмыс істей алады. Әзірге ол тек елордалық аймақта ғана қолданылатын болады. Ол жерде сүтегін құю бекеттері жеткілікті. Қажет болған жағдайда жылжымалы жанармай құю станциясы сутегі отынын жеткізеді.

Сутегі көлігі жыл өткен сайын арзандап келеді. Бір жыл бұрын бұл велосипедтің бағасы 11 мың доллардан асатын. Ал биыл оны 2 есе арзан бағаға сатып алуға болады.

Юн Су Хан, компания президенті:

– Біз қазір сутегі қозғалтқыштарын табиғатқа зиянсыз жасауға тырысамыз. Олардың қуаты жеткіліксіз, сондықтан электромобильдердегідей, сутегі көліктерге литий батареялары қосымша орнатылады. Өкінішке қарай, оларды өндіру кезінде атмосфераға шығатын лас заттар көп болады және біз мұндай батареяларды қолдануға қарсымыз.

Алайда Кореяда сутегі құю бекеттері жетіспейді. Олардың саны жүзге жуық, келесі жылы одан үш есе көп болады. Бірақ ол да аз. Өйткені сутегі мен электромобильдер саны жылына шамамен бір процентке өсуде. Ал өткен жылдың соңында олардың саны 820 мың болды.

Ан Гван Чан, компания президенті:

– Сутегі құю стансаларын өндіру кәсіпкер үшін өте тиімді. Себебі оларға деген сұраныс тек Кореяда ғана емес, бүкіл әлемде жоғары болады деп ойлаймын. Бірнеше жыл бұрын Кореядағы ірі автокөлік өндіруші 2025 жылдан кейін бензин мен дизельді көліктерді жаппай шығара алмайтынын мәлімдеді. Оған да міне 3-4 жыл ғана қалды.

Корея үкіметі 2050 жылға қарай парниктік газдар шығарындысын толық қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл елде көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары мен бензин мен дизельді қозғалтқыштары бар автомобильдер болмайды дегенді білдіреді. Олардың орнына біртіндеп электр және сутегі автомобильдер келеді. Және бұл жаһандық тенденция. McKinsey халықаралық агенттігінің мәліметінше, 29 жылдан кейін әлемдегі энергияға деген жалпы сұраныстың 18 процентін сутегі өндіру есебінен қанағаттандыруға болады.

Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы