Дания COVID-19-ды қауіпті індеттердің тізімінен сызып тастады

Әлемдегі кей мемлекеттер де карантиндік шектеулерді жеңілдете бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Швецияда қызметкерлер енді міндетін жұмыс орнында атқарады. Таиландтағы демалыс орындары туристерге есігін айқара ашты. Ал Дания коронавирусты қоғамға қауіп төндіретін індеттердің тізімінен сызып тастады.

АҚШ президенті Джо Байден федералдық қызметте жұмыс істейтін барлық қызметкерге вакцина салдыруды міндеттеді. Енді 100 адамы бар кез келген жұмыс беруші әр маманнан екпе қабылдауды талап етеді. Жаңа заңның орындалуын елдің Еңбек министрі қатаң бақылауға алады. Ал екпеден бас тартқандар жұмыстан шығарылады. Биліктің бұл шешіміне аймақта Дельта штамының кең тарауы себеп болды. Байденның бұл жоспары бойынша жақын арада шамамен 100 млн-ға жуық адам вакцина салдыруы тиіс. Бүгінде АҚШ тұрғындарының тек 53 проценті ғана коронавирусқа қарсы екпе қабылдап үлгерген. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Бұл вакцина қабылдамағандардың пандемиясы. Вакциналау бағдарламасының бір ізге қойылғанына қарамастан Америкада әлі де жұмыс істейтін 80 млн адам екпе салдырмаған. Жұмыс орындарының қысқаруынан ел экономикасы құлдырап барады. Алайда қазір ай сайын шамамен 700 мың жаңа жұмыс орны ашылып жатыр. Сондықтан жағдайды ушықтырмау үшін халық екпе қабылдау керек. Вакцина қабылдамаған жұрт не күтіп отырғанын түсінбеймін. 80 мың орталықта екпе егу шарасы тегін жүріп жатыр. Барлық жағдай жасалды. Бұған қарамастан ел тұрғындарының жартысы ғана екпе қабылдады. Шыдамның шегі бар. Сонымен қатар қоғамдық көліктерде маска тағу режимін бұзғандар айыппұл төлеуге дайын болу керек.

Ақ үй басшысы ересектерді ғана емес, 12 жастан асқан жасөспірімдерді де вакцина қабылдауға шақырады. Осыған орай  Лос-Анджелестің білім беру кеңесі аймақтағы 600 мыңға жуық оқушының егілуін бір ауыздан қолдады.

Джо Байден АҚШ президенті:

- Әр мұғалім мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан 12 жастан асқан балалардің егілгені жөн. Мектептердегі санитарлық талаптардың сақталуы мен вакцинация, тестілеу шараларына қаражат бөлінді. Әр ата-ана баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарау керек. Мен ел президенті ретінде пандемияны жеңу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. 

Меган Рейли, Лос-Анджелес біріккен мектептер округінің өкілі:

- Лос-Анджелес қаласының білім беру кеңесі 12 жастан асқан барлық оқуышлар дәрігердің рұқсатымен екпе қабылдауы тиіс деген шешімге келді. Талап бойынша вакцинаның бірінші дозасы қазанның 3-іне дейін, ал екінші компоненті қазанның 31-іне дейін алыну керек.

Бүгіннен бастап Данияда коронавирустық шектеулердің барлығы күшін жойды. Бұл елде тұрғындардың 83 проценті вакцина салдырған. Бұдан былай COVID-19 індеті қоғамға қауіп төндіретін ауру болып саналмайды. Енді даниялықтар адам көп жиналатын шараларда төлқұжат көрсетуге міндетті емес. Жуырда елде маска тағу режимі де жеңілдетілген еді. Қазір аймақтағы  қоғамдық орындар ашыла бастады. Егілгендердің арасында 12 жастан асқан жасөспірімдер де бар.

Ал Швецияда осы айдың соңында қашықтан жұмыс істеп жатқан мамандар офлайн режимге көшеді. Билік өкілдерінің айтуынша, күздің соңына дейін барлық қызметкерлер өзінің жұмыс орнына қайтуы тиіс. Сонымен қатар қыркүйектің 29-ынан бастап екпе қабылдаған тұрғындар пандемияға дейінгі өмірге қайта оралады. Десе де вакциналау шарасы әлі де қарқынды жүрмек. 

Таиланд билігі қазанның 1-інен бастап туристер үшін Бангкок, Паттайя, Хуахин мен Чиангмай қалаларын ашпақ. Ал келесі жылы елдің барлық өңірі карантиннен шығады. Елге кірер алдында саяхатшылар вакцина төлқұжаты мен ПТР тест нәтижесін көрсету керек. Ал кәмелет жасқа толмаған балалар тек сынама тапсырады. Осы айдың басынан бастап ресейлік Спутник V вакцинасын қабылдаған шетел азаматы еш карантинсіз Пхукет аралына келе алады.

Сондай-ақ...