Ауғанстанға аштық қаупі төніп тұр

Ауғанстандағы халықтың 90 процентінен астамы тамаққа зәру. БҰҰ Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының мәліметі осындай.

Дерек бойынша бұл елде әр екінші бала тойып тамақ ішпейді. Өйткені тәліптер билікті қолға алғалы Ауғанстанда экономикалық дағдарыс орнады. Бұрын да көмекке зәру елге қазір көптеген мемлекет және ұйымдар көмек көрсетуден бас тартып, валюта қорын бұғаттап тастады. Енді миллиондаған адамға ашаршылық қаупі төніп тұр. Оның үстіне биыл елде қуаңшылық болып, егістің 40 проценті күйіп кеткен. 

Антея Уэбб, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Азия-Тынық мұхиты өңірінің аймақтық директорының орынбасары:

- Елдің басым бөлігі азық-түлік импортына тәуелді. Әсіресе бидай ұны мен нанға. Ал валюта қоры болса бұғатта тұр. Мемлекеттік бюджет тапшылықтан тұралап қалған. Банктер азаматтарға қолма-қол ақша беруді тоқтатқан. Азық-түлік пен жанармай бағасы болса қымбаттап жатыр.