Қыркүйектегі қанды оқиға: АҚШ халқы атышулы теракт құрбандарын еске алды

Осыдан дәл 20 жыл бұрын АҚШ-та болған теракт әлем жұртын дүр сілкіндірген еді.

Сол кезде төрт жолаушы ұшағын басып алған лаңкестер АҚШ-тың бірнеше маңызды нысандарына шабуыл жасады. Солардың бірі – Нью-Йорктегі дүниежүзілік сауда орталығы.

Талғат Алманов, тілші:

– Уақытында американдық еркіндік пен экономикалық қуатының символына айналған осы жердегі дүниежүзі сауда орталығының құлағанына және 9/11 атымен белгілі лаңкестік шабуылдың жасалғанына 20 жыл толып отыр. Бұл сөзсіз АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірген, өшпес дақ қалдырған ең қаралы күндердің бірі деуге болады. Өте үлкен трагедия, өте үлкен қайғылы оқиға 3 мыңға жуық адамның өмірін қиды және оның басым бөлігі – яғни 2 мың 700-ге жуығы, тіпті 2 мың 700-ден астамы біз тұрған осы жердегі Нью-Йорк қаласындағы қос мұнараға жасалған шабуылдың салдарынан қаза тапты. Және бүгін 9/11 мемориалына жиналған халық бір минут үнсіздік жариялап, құрбандарды еске алды және олардың есімін оқыды. Осы эмоционалды сәтке назар аударсақ.

Бір минуттық үнсіздік таңғы сағат 08.46-да басталды және бұл уақыттың таңдалуы кездейсоқ емес, өйткені лаңкестік шабуылдың алғашқысы дәл осы уақытта жасалды және 17 минуттан кейін екіншісі екінші мұнараға соғылады. Нью-Йорктен бөлек, Пенсилвания мен Вашингтондағы Пентагонға да шабуыл жолаушы ұшақтары бағытталды. АҚШ президенті Джо Байден осы үш жерге барып үлгерді және бұл қара жамылған қайғылы күннің қаншалықты ауыр екенідігін айтып, халықты бірігуге шақырды.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Бұл күнді еске алу біз үшін өте маңызды. Дегенмен лаңкестік шабуыл болған жерлерге бару америкалықтар үшін өте ауыр. Әсіресе жақын адамдарын жоғалтқандар үшін аса қиын. Мейлі арада қанша жыл өтсе де, олардың бойына сол сәттегі сезім қайтып келгендей әсер алады.

Құрбандардың санына тоқталайық. Осы күнге дейін олардың 1100 астамының аты әлі де белгісіз болып отыр. Өйткені күл талқаны шыққан ғимараттың астында қалғандардың жеке басын анықтау әрине оңай емес екені түсінікті. Сол себепті медициналық сараптама жұмыстары 20 жыл бойы тоқтаған емес дейді сала мамандары. Және де бүгінгі үлкен жаңалықтың бірі DNA сараптамасының қорытындысы бойынша екі адамның жеке басы анықталғаны туралы болды. Жалпы бұл теракт осыдан 20 жыл бұрын болса да, терроризм тақырыбы әрі де өзекті дейді жергілікті халық. Тергеу бюросының мамандары мен полиция қауіпсіздікті күшейтіп, өрт сөндірушілер, қауіпсіздік қызметі, арнайы жасақ сарбаздары жұмылдырылып, арнайы техника шығарылды. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай қауіп-қатер, заң бұзушылық тіркелген жоқ.

Айта кетейік, мұндай қауіпсіздік ертең де жалғасады, өйткені құрбандарды еске алуға арналғаш іс-шаралар ертеңге де жоспарланған. Осы орайда «Tribute in Light» көркемдік инсталляциясын айтпай кетуге болмайды. 88 прожектордан құралған бұл жоба теракт құрбандарын еске алып, ешқашан ұмытпайтынды білдіреді. Және де бұл әдемі көріністі тіпті 100 шақырымдық қашықтықтан байқауға да болады дейді жоба авторлары.

Талғат Алманов