Германияда жарық фестивалі өтіп жатыр

Берлиндегі басты көрнекі орындардың бетінде жарық ойнап, шоу көрсетіліп жатыр.

Жарық фестивалі Германия астанасында осымен 17-ші рет өткізілуде. Басты ұраны – «Болашақты бірге жасайық!» Суретшілер туындылары арқылы қонақтарды табиғатты аялауға шақыруда. Олар көмірқышқыл газын бөлуді азайтып, оның орнына электрлі көліктер мен баламалы энергия көздеріне көшуді ұсынып жатыр. Бранденбург қақпасы, Берлин кафедралды шіркеуі, Постдам алаңы – барлығы 75 ғимарат жарыққа боялды. Іс-шараға адамдар көп келіп, полиция орталық көшелерді жабуға мәжбүр болды.

Андре Берлин тұрғыны:

– Жарық фестиваліне жылда келеміз. Бірақ былтыр індетке байланысты болмады. Биыл қайта өтіп жатқанына қуанып тұрмыз. Бірақ бәрібір бұрынғыдай емес. Сонда да өте ризамыз.

Альфред, турист:

– Мына шоуды бірінші рет көріп тұрмыз. Инсталляциялар керемет ұнап тұр. Біраз туристер де келген сияқты. Локдауннан кейін қала қайта жанданып жатыр. Бұл – тамаша!