425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Өрт, тайфун, су тасқыны: әлем елдерінде табиғи апаттар жиілеп кетті

  • 159
  • UPD: 20:44, 13.09.2021
Өрт, тайфун, су тасқыны: әлем елдерінде табиғи апаттар жиілеп кетті

Тасқын, тайфун сынды табиғаттың дүлей күші жер жүзіндегі жұртшылықтың мазасын әбден қашырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мыңдаған адам үйін тастап босып кетсе, талайы өлім құшты.

Испанияның Андалусия өңірінде тұрғындар орман өртінен қашып жатыр. Өткен аптадан бері дес бермей келе жатқан алапат жалын салдарынан 6 қалашық түгел көшіп кеткен. Уақытша баспанаға айналған спорт кешендерінде қазір 2500 адам тұрып жатыр. Бұған дейін туристер мен шет ел азаматтары тұрған аумақтан мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген еді. Тілсіз жауды 40-тан астам ұшақ пен жүздеген маман сөндіруге тырысып жатыр. Дегенмен жалынды ауыздықтау әлі де мүмкін болмай тұр.

БЛИЦ:

- Өрт бақылаудан шығып барады. Өзіңіз қараңызшы. Барлық жер отқа оранған.

- Мұндай сұмдықты өмірімде көрген емеспін. Алапат өрт таудан асып келе жатыр.

Тайваньда ойран салған «Чанту» тайфуны енді Филиппиннің солтүстік аралдарына жетіп, жергілікті жұртты әбігерге салды. Қазір тайфун біршама әлсіреген. Тұрғындар мұндай дауылды бұрын-соңды көрмегенін айтады. Екпінді болғаны сонша, бірнеше ауыл суға батып, елді мекендер жарықсыз қалған. Аймақта эвакуациялау жұмыстары қолға алынып, мыңдаған адам қауіпсіз жерге жіберілді.  

Ал Пәкістанда толассыз жаңбыр салдарынан елдің солтүстік батысын су алды. Салдарынан 17 адам опат болды. Құтқарушылар 11-інің денесін үйінді астынан алып шыққан. Марқұмдардың арасында әйелдер мен балалар да бар. Жергілікті билік апаттан зардап шеккен аймаққа гуманитарлық көмек жеткізілетінін мәлімдеді. Синоптиктер аймақтағы муссон жаңбыры алдағы күндері де жалғасатынын айтады.

Ал Американың Мичиган штатында көлемі жұмыртқадай бұршақ жауды. Ұлттық метеорологиялық қызмет өкілдерінің айтуынша, аз ғана уақытқа жалғасқан найзағайдан кейін аймаққа ірі көлемде бұршақ түскен. Салдарынан үй шатырлары бүлініп, көліктерге зақым келген.

Хабар 24 телеарнасы