Нигерияда ұрланған 75 қыз үйіне қайтарылды

Нигерияның солтүстік-батысында содырлар ұрлап әкеткен 75 қыз қайтарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лаңкестер билік әскерінің шабуылына ұшырап, қысым көргендіктен, осындай қадамға баруға мәжбүр болған. Үкімет қыздар үшін экстремистерге ақша төленген жоқ дейді. Аталған оқушыларды қаскүнемдер Кайа ауылындағы мектептен 1 қыркүйекте ұрлап әкеткен еді. Нигерияда содырлардың қыз ұрлап, билік пен ата-аналарынан ақша талап етуі әдетке айналған. Былтыр желтоқсанда олар 1100-ден астам оқушыны алып қашқан болатын.

Белло Матауалле, Замфара штатының губернаторы:

– Бүгін мен үшін қуанышты күн. Күш-жігеріміз текке кетпеді. Ақыры балаларды үйлеріне қайтардық. Мәселе оңынан шешілді.