Тропикалық дауыл Техасқа таяп қалды

Николас тропикалық дауылы күшейіп Мексика шығанағынан Техасқа қарай беттеді. Кейбір жерлерде желдің екпіні сағатына 95 шақырымға жеткен.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Техастың бірнеше ауданында ескерту жарияланды. Қатты жел мен жауын таяуда Ида дауылынан зардап шеккен Луизиана штатына да жетуі мүмкін дейді мамандар. Осыған орай құтқарушылар жағажайды тазартып, негізгі тас жолдарды уақытша жауып жатыр. Ал Хьюстонның кей өңірінде су тасқыны басталды. Аймақтағы құтқару қызметінің мамандары жоғары дайындықта тұр.