Италия мектептеріне тек арнайы құжатпен кіру керек

Еуропа елдерінде де жаңа оқу жылы басталып жатыр. Мемлекеттер коронавирустың таралуын тоқтату құралы ретінде ковид-төлқұжат енгізе бастады. 

Италияда ұзақ үзілістен кейін миллиондаған оқушы қайтадан партаға отырды. Бірақ сақтық мақсатында бірқатар талап қойылған. Мектеп қызметкерлерінің бәрінде жасыл төлқұжат болуы тиіс. Тіпті ата-аналарда да. Бұл шара білім ордаларын мейлінше қауіпсіз ету мақсатында қолға алынған. Ал оқушылар мектеп қабырғасында маска тағып жүруі керек.

Паоло Маганьоли, мұғалім:

– Мұғалімдерге арналған жасыл төлқұжатты қолдану тәртібі өте қарапайым. Таңертең мектепке келгенде кіреберісте сертификат көрсетуіміз керек. Оқушыларға мұндай талап қойылмаған. Әрине, қайтадан қашықтан оқыту форматына көшуге қатысты қауіп бар. Бірақ бұл жолы олай болмайды деп үміттенеміз.

БРЮССЕЛЬДЕ ҚАЗАННАН БАСТАП КОВИД-ТӨЛҚҰЖАТ ЕНГІЗІЛУІ МҮМКІН

Ал Бельгияда қазан айынан бастап ковид-төлқұжат енгізілуі мүмкін. Себебі елде халықты вакциналау жұмысы тым баяу. Ел астанасында халықтың 52 проценті ғана толық вакцина салдырған.

Саймон Шазаль, студент:

– Қазір медициналық тағылымдамадан өту үшін көп жерде екпе талап етеді. Онсыз кей аурухана науқастарды қабылдаудан бас тартып жатыр. Сондықтан жұмысымды жалғастырып, адамдарды дерттен қорғауға көмегім болсын деп екпе салдырдым.

ГРЕКИЯДА САНИТАРЛЫҚ ТӨЛҚҰЖАТЫ ЖОҚТАР КАФЕГЕ КІРЕ АЛМАЙДЫ

Грекияда коронавирустың таралу қаупін болдырмауға бағытталған жаңа шара күшіне енді. Енді санитарлық төлқұжаты жоқ азаматтар ойын-сауық орталықтары мен кафе-барларға кіре алмайды. Жаңа шектеу келер жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Алайда мұндай талапқа жергілікті кәсіпкерлер өз назын айтып, наразылық танытты. Айтуларынша, қоғамдық тамақтану орындарына келетіндерге тиісті бақылау жүргізу оңай шаруа емес. Ол үшін арнайы адам алу керек екен. Ал бұл қосымша шығын дейді олар.

Георгий Каперонис, мейрамхана менеджері:

– Бақылау орнату оңайға соқпайтыны анық. Ол үшін қосымша екі адам қажет. Оның үстіне қонақтар шамамен бір уақытта келеді.Осындай қиындыққа қарамастан, билік талабын орындауға міндеттіміз. Бізді айтарлықтай шығын күтіп тұр деп ойлаймын. Себебі вакцина алмаған азаматтар қатары елімізде әлі де көп.

ВАКЦИНА АЛМАҒАНДАРҒА ШЕКТЕУ КҮШЕЙДІ

Кешеден бастап Литвада да дәл осындай шара қабылданды. Жаңа тәртіпке сәйкес, тұрғындар супермаркетке, мейрамхана мен фитнес залдарға кіру үшін міндетті түрде ковид-төлқұжат көрсетулері тиіс. Мұнда шара қыркүйек басталғалы вирус жұқтыру деректерінің күрт көбейіп кетуімен байланысты болып отыр. Осы уақытқа дейін 3 миллионға жуық азаматы бар Литвада 1 миллион 600 мың адам екпе салдырған.