Ресей дәрігерлері: Коронавирустың жаңа толқыны қыркүйектің соңында басталады

Ресей дәрігерлері аймақта коронавирустың жаңа толқыны қыркүйек айының соңында басталады деп болжайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бұған халықтың еңбек демалысынан жұмысқа шығуы, жаңа оқу жылының басталуы мен маусымдық аурулардың ушығуы», - себеп дейді мамандар. Қазір елде тұмауға қарсы екпе егу шарасы басталып кетті. Алайда ресейлік дәрігерлер тұмау мен ковид дертіне қарсы препаратты қабылдаудың тәртібін дөп басып айтпай отыр.

Ресей билігі жаздың соңына дейін тұрғындардың 60%-ін егу арқылы коронавирустан ұжымдық иммунитет қалыптастыруды көздеген еді. Алайда бұл жоспар әлі күнге дейін орындалмады. Бүгінде халықтың тек 30%-і ғана вакцинаның екі дозасын қабылдаған. Бұл шамамен 40 млн адам. Енді билік қараша айына дейін 90 млн тұрғынға вакцина салдырмақ. Алайда елде тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталды. Енді адамдарға екі бірдей препаратты қалай салатыны жайлы сұрақ туындады. Мамандардың пікірі екіге жарылды.

Александр Арутюнов, Еуразиялық терапевтер қауымдастығының бас хатшысы:

- Бұл вакциналар бір-біріне кедергі келтірмейді. Егер адам күманданып тұрса, екінші вакцинаны араға бірнеше күн немесе бірнеше апта салып салдыра алады.  Бұл жеткілікті. Бірақ тұмаудан да, коронавирустан да вакцинаны қабылдау керек. Себебі екі инфекция да ушығып тұр.

Ал, Ресейдегі тұтынушылар құқығын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералды қызметі екі вакцинаның арасы бір айдан кем болмау керек дегенді алға тартады. Сонымен қатар вирусологтар тұмауға қарсы екпені маусым басталмай тұрып алған жөн дейді. Десе де, әлі күнге дейін екпелерді алу тәртібі бойынша ресми хаттама шыққан жоқ.

Михаил Мурашко, Ресейдің денсаулық сақтау министрі:

- Осы аптада иммунно-биологиялық және иммунологиялық комиссияның отырысы өтеді. Жиында өзекті мәселелердің түйіні тарқайды. Бұған дейін жекелеген мамандардың шешімі қабылданған. Қазір қолда қауіпсіздік жөнінде жаңа ақпараттар бар. Сондықтан иммунологиялық комиссия вакциналардың үйлесімділігі жайында шешім қабылдайды.

Қазір ғалымдар тұмау мен коронавирусқа қарсы ортақ вакцина шығаруға кірісіп кетті. Препарат күзде сынақтан өтуі керек. Болжам бойынша дәрі мұрынға себетін спрей ретінде шығарылады. Зерттеудің үшінші фазасы келесі жылға жоспарланған.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров