423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Таяу Шығыста жағдай қайта ушықты

  • 87
  • UPD: 11:20, 15.09.2021

Палестиналық тұтқындар түрмеден қашқаннан кейін Таяу Шығыста жағдай қайта ушықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта бірнеше лаңкестік әрекет ұйымдастырылып, Газа секторынан Израиль аумағына зымырандар атқыланды.

Израиль тарапы да қарап қалмай, қарымта жауап ретінде Палестина автономиясын бомбалап жатыр.

Иерусалимнің автобус бекеті маңында пышақпен қаруланған палестиндік дүкендегі адамдарға шабуыл жасады. Салдарынан екі жігіт жарақат алды. Ал қылмыскер қолға түсті.

Дорон Турджеман, полиция бөлімінің бастығы:

- Хевронда тұратын бұл содыр жұмыс бабымен осында келген. Пышақпен дүкенге кіріп, адамдарға сілтеген. Жапа шеккендердің бірі полицей болып шықты. Өзіндегі тапаншамен лаңкесті жаралады.

Таяуда Иерусалимнің Ескі қаласында да тап осындай шабуыл болды. Бірнеше полицей мен тұрғындар жараланып, тәртіп сақшылары екі содырдың көзін жойды. Елдің оңтүстігінде де жағдай күрделі. Газа секторынан зымыран атқыланады, ал Израиль әскері бұған жауап ретінде әуе соққылар жасады.

«Гильбоа» түрмесінен аса қауіпті 6 қылмыскер қашып кеткеннен кейін елдегі жағдай ушығып кетті. Олардың барлығы лаңкестік үшін сотталған болатын. Абақтының екі қызметкері тұтқындарға қашуға көмек берді деген күдік бар. Бірнеше күннен кейін төрт қашқын қолға түсіп, қайта қамалды. Ал қалған екеуі іздеуде жүр. Оған тіпті дрондар мен тікұшақтар жұмылдырылған.

Мишель Барак, қауіпсіздік саласының сарапшысы:

- Сарапшылардың көбі тұтқындардың қашуы жағдайдың ушығуына сылтау болды дейді. Іс жүзінде Хамасқа ақша қажет. Катардан аударылған ақшаны Израиль тарапы ұстап қалған көрінеді. Ал Газада жалақы мен зейнетақы төленбей отыр. Сондықтан Хамас Израильге қысым жасау үшін зымырандарды қолданып немесе лаңкестік ұйымдастырады. Одан басқа амал жоқ. Бұл әрекет бұрыннан бері жалғасып келеді.

Елде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Арнайы қызмет ауқымды лаңкестік әрекеттің алдын алғанын хабарлады, бірақ жай-жапсарын құпия ұстауда. Иерусалим қаласына арнайы әскери бөлімдер кіріп, Газа секторымен шекара күзетін күшейтті.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы