Гуттериш: Пандемия байлар мен кедейлердің арасындағы теңсіздікті одан сайын ушықтырды

Бүгін Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық жиынның биылғы тақырыбы ковид пандемиясынан арылу, тұрақтылықты қалыптастыру, адам құқықтарын қорғау мен кедейшілікті жою сынды бірқатар жаһандық проблемаларды шешуге арналған. 76-шы сессияның жаңа басшысы Абдулла Шахид қоршаған ортаны қорғау мен климаттың өзгеруіне ерекше назар аударуға шақырды. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш аталған проблемалардың адам қолымен жасалып жатқандығын айтып, мәселелені шешуге шақырды.

Естеріңізге салайық, қыркүйектің 21-27 аралығында 76-шы сессияның жоғары апталығы басталып, ұйымға мүше мемлекет өкілдері өз ұсыныстарын да ортаға салады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Пандемия әлі де көптеген адамның өліміне себеп болып отыр. Енді бір бөлігін күнкөрісінен айырып отыр. Бұл індет байлар мен кедейлердің арасындағы теңсіздікті одан сайын ушықтырып отыр. Өйткені тамақ, су, медициналық көмекке зәру болып отырған адамдар қаншама?! Кейбіреуге қалыпты көрінген дүниелерге жету оларға арман болып қалып отыр. Білім алуға жете алмай жүргендер де кедейшілікте өмір сүріп жатқан адамдар.

Абдулла Шахид, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы:

- Мен 76-шы сессияны табиғатты қорғауға арналған суперсессия деп айтар едім. Себебі бұл жиын климаттың өзгеруі мен табиғатты қорғауға арналған халықаралық форумдармен қатар жүрмек. Адамзат қазіргі кезде пандемиямен күресіп қана қоймай, әлемдегі қарулы қақтығыстарды шешу немесе жаһандық жылынуды тоқтату сияқты өзге де мәселелермен күресіп жатыр. Менің ойымша, адамдарға қазіргі кезде ең бастысы, үміттену қажет.