Еуроодақ кедей елдерге 200 млн вакцина береді

Еуроодақта ересектердің 70 процентіне вакцина салынған. Бұл туралы Еурокомиссия президенті мәлімдеді.

Урсула фон дер Ляйен мұнымен тоқтауға болмайтынын айтып, «екпе егу жылдамдығын арттыру керек» деді. Одақ ішінде вакцинаның 700 миллион дозасы салынды, тағы 700 миллион дозасы өзге елдерге жіберілді. Табысы аз елдерге 250 миллион вакцина бөлу міндеттемесін алған Еуроодақ келер жылы бұл мемлекеттерге тағы да 200 миллион доза жөнелтуді жоспарлап отыр.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Ең басты мақсатымыз бүкіл әлемде вакциналау қарқынын үдету. Табыс көрсеткіштері төмен елдерде екпе салдырған адамдардың үлесі бір процентке жетпейтінін ескерсек, әділетсіздік ауқымы мен шұғыл әрекет ету қажеттілігі айқын білінеді. Бұл осы кездегі ең өзекті геосаяси ахуалдардың бірі. Бұл жағдайды вакциналанбағандардың пандемиясына айналдырмау үшін бар күшімізді салуға тиіспіз.

Қазір одақ алдында бірнеше міндет тұр. Олардың дені 12 айдың ішінде орындалуы тиіс. Мәселен, Еурокомиссия жетекшісі халық денсаулығын бақылауды күшейтуді ұсынған. Бұл мақсатта 2027 жылға дейін 50 миллиард еуро бөлінбек. Бұдан бөлек алға қойылған міндеттердің арасында Еуропаны технологиялық көшбасшыға айналдыру және Одақтың қорғаныс қабілетін арттыру бар.