Табиғаттың тосын мінезінен бірқатар ел әбігерге түсті

Ида дауылынан кейін есін енді жиып келе жатқан АҚШ халқын Николас атты тропикалық долы жел қыспаққа алды. Бұл жыл басынан бергі сегізінше дауыл. Бұдан бөлек жергілікті тұрғындарды орман өрті де әлекке салған. Осыған байланысты биыл табиғат апаттарынан келген шығын рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін. АҚШ-тан бөлек тағы бірнеше мемлекетте табиғат тосын мінез танытты.

Қазір Үндістанда жаңбыр маусымы. Ол жазда басталып, қыркүйекке дейін жалғасады. Яғни тұрғындар табиғаттың бұл құбылысына үйреніп қалған. Алайда соған қарамастан жыл сайын ондаған адам зардап шегеді. Биылдың өзінде 100-ден астам адам суға кеткен. Әсіресе елдің батысындағы Гуджарат штатындағы жағдай күрделі. Мұнда тасқыннан 44 елді мекенде тұратын бір жарым миллионнан аса адам зардап шеккен. Көшедегі су белден келеді. Сондықтан тұрғындар өз бетінше қауіпсіз жерге көше алмай жатыр. Мамандар оларды үйлердің шатырына шығып эвакуациялауға мәжбүр. Өйткені көшедегі судың ағысы қатты.

Балрам Миена, полиция қызметкері:

- Қазір адамдарды қауіпсіз орындарға көшіру операциясы жалғасып жатыр. Қаланың ойпатты жерлерінде орналасқан аудандарды су басып, көп қиындық туындап отыр. Тіпті біздің полиция бөлімшелері де су астында қалды.

Францияның оңтүстігінде де нөсер соңы тасқынға ұласқан. Гар департаментінде қауіптің жоғары деңгейі жарияланды. Кейбір ауданда небәрі 6 сағат ішінде жауын-шашынның 2 айлық мөлшері түскен. 2 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Су басқан көлікте сан жоқ. Жолдарда қозғалыс шектелген. Пойыздар да тоқтап тұр. Тұрғындар құтқарушылар келгенше көмекті үйлердің шатырына шығып күткен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты департаменттегі мектептердің барлығы уақытша жұмыс істемейді. 

Техас штатындағы Хьюстон қаласында да мектептер уақытша жабылды. Коронавирусқа қарсы екпе орталықтары да жұмыс істемей тұр. Өйткені мұнда Николас тропикалық дауылы ойран салып жатыр. Мұнда күшті желмен қатар нөсер жауған. Техас пен Луизиана штатында 400 мың үй электр қуатынан ажыратылды. Жуырда ғана осы Луизианада Ида дауылы ойран салып, Жаңа Орлеан қаласы бірнеше күнге толықтай жарықсыз қалған еді. Мамандар жақын арада желдің күші бәсеңдемейтінін болжап отыр. Нөсердің әлі де жалғасатын түрі бар. Соның салдарынан су басу қаупі сейілмей тұр. Жалпы АҚШ-та биыл табиғат апатынан келтірілген материалдық шығын 100 миллиард доллардан асып кетуі әбден мүмкін. Президент Джо Байден бұл рекордтық көрсеткіш дейді. Айтуынша, климаттың өзгеруі салдарынан жыл сайын табиғат апаттары жиілеп барады.      

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Кейінгі бірнеше айда әр үшінші Америка азаматы табиғат апатынан зардап шеккен. Еліміздің шығысында нөсер мен дауылдар маза бермей жатса, батысында қуаңшылық пен орман өрті тұрғындарды әбігерге салды. Былтыр табиғат апатынан келтірілген шығын 99 миллиард долларға бағаланған. Биылғы көрсеткіштер одан асып кетеді деп топшылап отырмыз.

Көрші Ресейде нөсер жауып, Санкт-Петербургте метро станциясын су басқан. Қазір қаладағы саябақтардың біразы уақытша жабық тұр. Жаңбырмен қоса шаһарда екпінді жел соғып, біраз қиындық тудырды.