АҚШ, Австралия және Ұлыбритания қорғаныс альянсын құрды

Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында АҚШ, Австралия және Ұлыбритания жаңа қорғаныс альянсын құрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған келісім аясында америкалық әскерилер австралиялық әріптестеріне суасты атом кемелері флотын құруға мүмкіндік беретін технологияларды ұсынбақ. Десе де, ресми Вашингтоннның айтуынша, Австралия ядролық қаруға ие болмайды. Бұл ел әрі қарай да ядролық қару таратпау жөніндегі міндеттемелерін атқара береді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Бүгін біз үш ел арасындағы ынтамақтастықты одан әрі нығайту үшін тарихи маңызы бар қадам жасап отырмыз. Біз Үнді-Тынық мұхиты аймағында тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету керегін жақсы түсінеміз.

Жаңа альянсқа байланысты Австралия Франциямен сүңгуір кемелер құрылысы жөніндегі келісімді бұзды. Яғни бұған дейін француз тарапы Канберраға 12 суасты кемесін жеткізуі керектін. Және олардың бәрі атоммен емес, қарапайым қозғалтқышпен жабдықталуы тиіс болатын.

Скот Моррисон, Австралия премьер-министрі:

- Франция Тынық мұхиты аймағындағы маңызды серіктес болып қала береді. Жалпы жер бетінде Тынық мұхитының маңыздылығын Франция секілді түсінетін елдер өте аз.

Өз кезегінде Қытай елі Австралияның аталған технологияларға қол жеткізуі ядролық қаруды таратпауға қатысты халықаралық режимге кері әсерін тигізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ аймақтағы тұрақтылыққа да зиян келтіретінін жеткізді.