Еуропа мемлекеттері екпе салдыруға қатысты ережелерді қатаңдатып жатыр

Батыс елдері коронавирустың жаңа толқынына дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар алдағы айларда эпидемиологиялық ахуал ушығуы мүмкін екенін айтады.

Өйткені өзге елде демалған тұрғындар елге орала бастады. Оның үстіне күн суытып, тұмау өршиді. Сондықтан Еуропа мемлекеттері екпе салдыруға қатысты ережелерді қатаңдатып жатыр.

Италияда осы айдың басынан бері мектеп пен университет қызметкерлері оқу орнына кірерде ковид-сертификат көрсетуге міндетті. Құжат ішкі әуе рейстері, пойыздар, аймақаралық автобустар мен кемелерде талап етіледі. Енді міне, 15 қазаннан бастап «жасыл сертификатты» мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпорын өкілдері де көрсетуі тиіс. Билік осындай бастаманы қарастырып жатыр. Келесі айдан бастап жұмысқа кірерде арнайы қызметкер құжаттың бар-жоғын тексереді. Ережеге бағынбағандар жұмыстан шығарылмайды. Бірақ оларға 400-ден мың еуроға дейін айыппұл салынады. Ал жалған құжатпен ұсталса, тіптен көп ақша төлейтін болады. Егер қызметкер 5 күннен артық жұмысқа келмей қойса, жұмыс беруші еш төлемдер мен өтемақысыз келісімшартты тоқтатуға құқылы. Сөйтіп, Италия Еуроодақ бойынша мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпорын жұмысшыларынан ковид-сертификат талап ету бастамасын қолға алған алғашқы мемлекетке айналып отыр.

***

Францияда 450 медицина қызметкері жұмыстан шығарылды

Еуроодақтағы тағы бір ел - Францияда медицина саласы мен қарттар үйінің қызметкерлеріне, сондай-ақ өрт сөндірушілерге 15 қыркүйекке дейін екпе салдыруға уақыт берілген. Бұл шамамен 3 миллион адам. Ережеге бағынбағандарға жұмыстан кететіндері ескертілген. Алайда соған қарамастан әлі мыңдаған қызметкер вакцина салдырмаған екен. Соның салдарынан елдің оңтүстігіндегі Монтелимар қаласындағы ауруханаларда операциялар кейінге шегеріліп жатыр. Өйткені екпе салдырған анестезиологтар аз. Ал Ницца қаласындағы уинверситеттік клиникада міндетті вакциналау туралы ережеге бағынбаған 450 қызметкер жұмыстан шығарылды.

Ванесса Перотти, аурухана қызметкері:

- Мен аурухана әкімшілігінде жұмыс істеймін. Дәрігер емеспін. Яғни, науқастармен бірге жұмыс істемеймін. Бірақ вакцинасыз мені жұмысқа жолатпайды. Үйде отырған күндерім үшін жалақы алып жатқан жоқпын. Тіпті жұмыссыздық бойынша өтемақы да төленбейді.

***

Ұлыбританияда жанкүйерлер спорттық шараларға жіберілмеуі мүмкін

Ұлыбританияда енді вакцина салдырмаған жанкүйерлер спорттық матчтарға қатыса алмауы мүмкін. Қазір тиісті бастама ұсынылып отыр. Одан бөлек, билік қыста қосымша шаралар енгізу жағын қарастырып жатыр. Егер Корольдікте эпидемиологиялық ахуал ушығып, кісі өлімінің көрсеткіші төмендемесе, бірнеше айдан кейін қызметкерлер қайтадан қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Мекемеге кіретін адамдар саны шектелуі мүмкін. Сондықтан билік бұл жағдайға жеткізбей, мейлінше көп адамды вакцина алуға шақырып отыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Вакцинаның арқасында ғана қалыпты өмірге қайта орала аламыз. Сондықтан елімізде жасы 12-ден асқан азаматтар да енді екпе салдыра алады. Иммундау науқаны арқасында шектеу шараларының көбін алып тастадық. Кәсіпорындар қайта жұмыс істеп тұр. Экономика жандана бастады. Сондықтан бәріміз екпе салып, жауапкершілік танытуымыз қажет.

***

АҚШ-та сырттан келгендер вакцина салдыруға міндеттеледі

АҚШ президенті бұған дейін кейбір компания қызметкерлері үшін міндетті вакциналау енгізілетінін жария еткен болатын. Бұл ереже 100 миллион адамға қатысты. Олар екпе қабылдамаймыз десе, әр апта сайыно ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсетіп отыруы қажет. Енді билік коронавируспен күрес шараларын одан әрі қатаңдату жағына көшкен. Сөйтіп, сырттан келетіндер үшін міндетті вакциналау енгізу мәселесін қарастырып жатыр.