Ресейде сайлауда онлайн дауыс берген адам 24 сағат ішінде өз таңдауын өзгерте алады

Бүгін Ресейде парламенттік сайлау басталады. Ел тұрғындары үш күн бойы дауыс бере алады. Орталық сайлау комиссиясы бұл ең күрделі науқан болатынын мәлімдеген. Сайлау қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам қызмет пен мандат иелері ауысады.

Соңғы сайлауда елдегі бүкіл учаскелер тікелей эфирде көрсетілген. Ал бұл жолғы сайлауда оған рұқсат етілген жоқ. Видеотрансляция тек Мәскеудегі қоғамдық штабта ғана жүргізіледі. Яғни осында кірген кез келген адам сайлаудың қалай өтіп жатқанын көре алады. Алайда орын саны шектеулі. Халықаралық байқаушылар да әдеттегіден аз. 2016 жылы 800 болса, биыл халықаралдық ұйымдардың тек 300 өкілі ғана шақырылды. Сыртқы істер министрлігі мұны күрделі эпидахуалмен түсіндірді. Ал қашықтан тек 7 облыстың тұрғындары дауыс береді. Онлайн дауыс берушілер Мәскеуде көп тіркелді.

Алексей Венедиктов, сайлауды бақылау жөнінде қоғамдық штаб басшысы:

- Мәскеуде дауыс беру тізімінде 7 млн 587 мың адам бар.  2 млн 14 мың 665 адам қашықтан дауыс беруге өтініш білдірді. 

Мәскеу сайлау барысында өз платформасын қолданады. Мұндағы бір ерекшелік - сайлаушы 24 сағат ішінде өз таңдауын өзгерте алады.

Илья Массух, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бұл қысыммен дауыс беруді болдырмау үшін қолға алынған шара. Бір күннің ішінде азамат қайта дауыс бере алады, сонда оның соңғы таңдауы есептеледі. Мәселен, бір адамға қайта дауыс беріңіз деп айтылуы мүмкін. Сонда ол үйіне келгенде де қайта дауыс бере алады.

Билік сайлауға барынша көп адам қатыстыруға қамданып жатыр. Мысалы, Татарстанда сағат сайын дауыс берушілер арасында лотореяда телефон ойнатылады. Ал ең қымбат сыйлықтар Мәскеуде. Қала тұрғындары үшін 20 пәтер, 100 автокөлік және ақша ұтып алуға зор мүмкіндік бар. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров