Қытайдағы Путянь қаласында халықты ковидке жаппай тексеріп жатыр

Қытайдағы Путянь қаласында халықты ковидке жаппай тексеріп жатыр
RT

Қытайда жаңа оқу жылы басталмай жатып коронавирусты қайта жаппай жұқтыру дерегі болды. Бұл жолы індет ошағы Фуцзянь провинциясындағы мектептердің бірінде тіркелді. Сондықтан науқастардың жартысы балалар. Оқиғаға байланысты оқу орындары жабылып, оқушылар қашықтан оқуға көшкен. Путянь қаласында тұрғындарды жаппай тестілеу жүргізіліп жатыр.

Науқастардың 40 проценті Фуцзянь провинциясындағы Путянь қаласының тұрғындары. Вирус мектептердің бірінде 12 жастан төмен балалар арасында тіркелді. Кішкентай бүлдіршіндер де ауырып жатыр. Аймақта балаларды дертке қарсы жарты ай сайын тексеру жүргізіледі. Ауру осындай дәстүрлі шара кезінде анықталды. Оқиғадан кейін билік бұл әдісті бүкіл елде енгізуді қолға алмақ.

Ван Хуацин, ҚХР Аурулардың алдын алу және бақылау орталығының сарапшысы:

- Әлемде кей елдер балаларды вакциналауды қолға алып жатыр. Осыған байланысты Қытай да коронавирусқа қарсы балалар мен жасөспірімдерді егуді күн тәртібіне енгізді. Жоспар ғылыми тұрғыдан зерттеліп, кезең кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

Ресми дерекке қарағанда тамыз айының соңынан Путянь қаласын 30 мың адам тастап шыққан. Оларды қазір мәліметтер қоры көмегімен іздеп тауып, тексеруден өткізіп жатыр. Ал індет өршіген шаһарда тұрғындардың барлығы ПТР тест тапсыруда.  Балабақшалар жабылып, мектептер онлайн оқуға көшкен. 

Яо Биншань, Путянь қаласы денсаулық сақтау істері жөніндегі комитеттің директоры:

- Тәртіпке сай науқастармен байланысқа түскен 3 мың адам тексеріліп, бақылауға алынды. Бұдан бөлек олармен қатынаста болғандар анықталып, тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Өзге аймақ халқы Путянь шаһарындағы індеттің өршуі олардың күзгі үш күндік демалысына кері әсер етпес деген үмітте. Себебі коронавирустан жазғы демалыс та бұзылған еді. 

Ботагөз Сырғабаева