Әлемде 216 млн адам «климаттық босқынға» айналуы мүмкін 

Қазір климаттың өзгеруі ғалымдармен қатар қарапайым тұрғындарды да алаңдатып отыр. Бұл мәселеге әсіресе жастар жағы көп бас қатыратын көрінеді.

Әлемде өз елінен тыныштық таппаған миллиондаған адам өзге мемлекеттерді паналауға мәжбүр. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2050 жылы олардың қатарына тағы 216 миллион адам қосылуы мүмкін. Бірақ оған себеп – қарулы қақтығыстар емес. Бұл адамдар климаттың өзгеруі салдарынан босқынға айналатын түрі бар. Олар орман өрті, су тасқыны, дауыл мен қуаңшылық кесірінен туған жерін тастап, өмір сүруге қолайлы орта іздеуге мәжбүр. Мамандар бүгіннің өзінде жер бетіндегі орташа температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, 1,2 градусқа жоғары екенін айтады. Соның салдарынан әсіресе Африка елдерінде «климаттық босқындар» көбеюі мүмкін. Сондай-ақ Азияда, Латын Америкасы мен Шығыс Еуропада да табиғат апаттарынан қоныс аударуға мәжбүр болғандар қатары артуы ықтимал. АҚШ-та мұндай жағдай қазірдің өзінде байқалып отыр. Мәселен, америкалықтардың 79 проценті табиғи апаттар жиі болып тұратын ауданнан үй алмайтындарын айтады.

Мами Мизутори, БҰҰ Бас хатшысының апат қаупін азайту жөніндегі арнайы өкілі:

– Былтырғы статистиканы келтірейін. Өткен жылы табиғат апаттары салдарынан 31 миллион адам қоныс аударған. Жыл сайын көрсеткіштер тек артып барады. Сөйтіп климаттық босқындардың қарулы қақтығыстан қашқан азаматардан асып кететін түрі бар. Табиғат апаттарынан ашқұрсақ жүргендер қатары да артып барады. Коронавирусқа дейін ондай 26 миллион адам болған. Қазір бұл көрсеткіш одан да көп.

КАРАНТИН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АУХАЛДЫҢ ЖАҚСАРУЫНА УАҚЫТША ӘСЕР ЕТТІ

Сарапшылар ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін азайту керектігін айтады. Негізі коронавирус пандемиясы кезінде әлемде экологиялық ахуал біршама жақсарып қалды деген ақпарат пайда болған еді. Алайда БҰҰ-ның соңғы баяндамасына сәйкес, карантин шаралары уақытша әсер берген екен. Сөйтіп көміршқышқыл газының мөлшері қайтадан бұрынғы көрсеткіштерге жетіп қалыпты. Атмсоферадағы парниктік газдардың мөлшері әлі де рекордтық деңгейде.

Петтери Таалас, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Бас хатшысы:

– Былтыр ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшері 5,6 процентке азайған. Бұл рас. Алайда көмірқышқыл газы ауада ұзақ сақталады. Сондықтан жалпы жағдай өзгерді деп айтуға болмайды. Кәсіпорындардың қайта іске қосылуына байланысты біз 2019 жылғы ахуалға оралдық.

КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ АДАМНЫҢ МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫНА ӘСЕР ЕТЕДІ

Климаттың өзгеруі тек мамандарды ғана емес, қарапайым тұрғындарды да алаңдатып отыр. Мәселен, америкалық психиатриялық қауымдастықтың жүргізген сауалнамасына сәйкес, кейінгі уақытта жиілеп кеткен табиғат апаттары адамдардың психикалық жағдайына әсер ете бастаған. АҚШ-та жаһандық жылыну салдарымен күресуге кеш деп ойлайтындар қатары көбейген екен. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, климаттың өзгеруі мәселесіне әсіресе 16-25 жас аралығындағы жастар көп алаңдайтын көрінеді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

– Біз экологиялық апаттың алдында тұрмыз. Адамзатта оның өзгертуге уақыт та қалмады. Сондықтан еш мүмкіндкті жіберіп алмай, шұғыл әрекет ету керек. Кейінгі уақытта орман өрті мен су тасқыны жиілеп кетті. Мұның бәрі алдағы сұмдықтың бастамасы ғана.

ОЗОН ҚАБАТЫ ЖҰҚАРЫП БАРАДЫ

Ғалымдар Оңтүстік полюсте озон қабатының одан сайын жұқарып бара жатқанына алаңдаулы. Бұл климаттың өзгеруінің салдары болуы мүмкін. Әсіресе кейінгі аптада жағдай күрт нашарлап кеткен.

Сондай-ақ...