Грузияда археологтар әлемдік маңызы бар жаңалықты ашты

Қазба жүргізген мамандар азуы алты қарыс жолбарыс секілді ежелгі жануарлардың сүйектері мен осыдан миллиондаған жыл бұрын тұрған ежелгі адамдардың қонысын тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Грузия аумағында табылған осындай екінші қоныс. 

Бұл – Грузия шығысындағы Орозмани ауылының маңы. Осыдан 2 миллиондай жыл бұрын мұнда үлкен көл болған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бұл жерден 20 шақырым қашықтықта ежелгі адамдардың қонысы табылған еді. Ғалымдар мүмкіндікті қалт жібермей осындағы қаңқалармен Еуропадағы ең алғашқы адамдардың бет-келбетін қалпына келтірген болатын.

Георгий Бидзинашвили, Ұлттық мұражайдың ғылыми қызметкері, археолог, палеонтрополог:

- Орозмани мен Дманиси арасында белгілі бір байланыс бар деп санаймыз, өйткені екеуі де бір дәуірдің қоныстары. Сондай-ақ екеуі де Машавера өзенінің бір шатқалында орналасқан. Бәлкім бұл Хомо эректус, яғни, тік жүретін адам болған. Бұл Африкадан Еуразияға қоныс аударған өте ежелгі адамдар.

Ерекше олжаға кенелген археологтар 1 ай бойы үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Арасында түрлі елдерден тәжірибе жинақтауға келген студенттер де бар. Өйткені мұндай кешенді зерттеу күнде бола бермейді.

Николоз Ванишвили, Ұлттық мұражайдың аға ғылыми қызметкері, палеонтолог:

- Осында тапқан артефакттардың жасы шамамен 1 миллион 800 мың жыл. Мұнда азуы алты қарыс жолбарыс, стенон жылқысының сүйектерін, сондай-ақ өте үлкен жануарлардың омыртқа сүйектерін, қабырғалары мен тұяқтарын таптық. Ежелгі адамдар тастан жасаған құралдар да бар.

Қазба жұмыстарының бірнеше жылға жалғасатын түрі бар. Алайда оны қаржыландыру мәселесі шешілмей тұр. Жәдігерлер әлем тарихына жаңалық әкелері сөзсіз. Бірақ әзірге археологтар жұмыс істеудің орнына демеуші іздеп әлек.

Авторы: Юлия Тужилкина