Берлиндегі стадионда вакциналау орталығы ашылды

Берлиндегі олимпиадалық стадионда вакциналау орталығы ашылды. Осыған байланысты Бундеслиганың кезекті турын тамашалауға келген жанкүйерлер екпе ала бастады.

Матчты стадионнан көруге 20 мыңнан астам адам жиналды.

Билік өкілдерінің айтуынша, бұл қадам вакциналау қарқынын үдете түсті. Сондай-ақ Германия астанасында жылжымалы екпе орталығы жұмыс істей бастады. Дәрігерлер мінген автобус адам көп жүретін орындарға тоқтап, ниет білдірген азаматтарға вакцина салады. Дегенмен, бұл мемлекет вакциналау қарқыны бойынша Еуроодақта көш соңында келеді. Мұнда халықтың 63 проценті екпе қабылдаған. 

Майк, Берлин қаласының тұрғыны:

- Ауырып қалудан қорқамын, сондықтан вакцинаның 2 дозасын да алдым. Оның үстіне мұғалім болып жұмыс істеймін, бізге екпе өте қажет. Бүкіл Германия, оның ішінде Берлин бойынша әлі көп адам вакцина салдыруы тиіс. Бас тартып жатқандарды түсінбеймін. Үкіметтің футбол және хоккей матчтарында екпе салу идеясы өте тамаша. Алдын ала жазылып керек емес.

Михаэль, Берлин қаласының тұрғыны:

- Дәл ойын кезінде стадионда вакциналау орталығын ашу өте маңызды іс, әр адам келіп екпе салдыра алады. Ұжымдық иммунитетке тезірек жету үшін вакцина салатын орындарды көбейту керек деп ойлаймын.