Ауғанстанда әйелдер ісі жөніндегі министрлік таратылды

Ауғанстанда әйелдер ісі жөніндегі министрлік таратылып, оның орнына ізгілікті насихаттау және кемістіктің алдын алу жөніндегі министрлік құрылды.

Мұндай ведомство 20 жыл бұрын, яғни билікті тәліптер басқарған кезде де болған. Ол уақытта шариғат талаптарының орындалуын қадағалап, әйелдерге қатысты қатаң шектеулер енгізумен айналысқан. Бірақ жаңа министрлік тәліптерге керек боЛғанмен, әйел заты бұған қарсы. Олар осы мекеменің жанына жиылып, өз наразылықтарын білдірді.     

Сара Сират, ауғанстан әйелдер ісі жөніндегі бұрынғы министрліктің кеңесшісі:

– Өкінішке қарай, жаңа үкіметте әйелдерге орын табылмады. Енді міне әйелдер ісі жөніндегі министрлік те таратылды. Оның үстіне мұғалімдер арасында да нәзік жандылар жоқ. Мұның бәрі тәліптердің әйелдерді қабылдамай, олардың құқығын шектейтіндігін білдіреді.

ОРТА МЕКТЕПТЕ ТЕК ҰЛ БАЛАЛАР ҒАНА ОҚЫП ЖАТЫР

Ал білім беру министрлігі ортаңғы сынып оқушыларының мектепке келіп, оқуға болатынын жариялады. Алайда әзірге оқитын тек ұл балалар ғана. Мұғалімдер қатарында тек ер адамдар болуы шарт. Талибан қозғалысының ресми өкілі,,,жақын арада қыздарда осындай мүмкіндікке ие болады дейді. Оның айтуынша, қазір шенеуніктер осы мәселемен айналысып жатыр. Қазір тәліптер қыздарға университетте білім алуға рұқсат берген. Алайда олар, ер адамдардан бөлек оқиды. Киім киюдің де өз шарты бар.  

Назиф, мұғалім:

– Біздің мектепте бастауыш сынып оқушыларының сабағы басталды. Қыздар таңертең, ұлдар түсте оқиды. Сәйкесінше, қыздарға тек әйел мұғалім, ұлдарға ер адамдар сабақ береді. Ортаңғы сыныпта оқитын қыздарға қиын болды. Билік олардың мектепке қашан оралатынын және қалай оқитынын әлі жария етпеді.