Еуроодақ: «Талибанмен» ынтымақтасудан басқа жол жоқ

«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билігін орнатқанына бір айдан аса уақыт өткенімен, әлі бірде-бір мемлекет пен халықаралық ұйым оны заңды үкімет ретінде таныған жоқ.

Ал Еуроодақ өкілдері болса, «Талибан» қозғалысымен келіссөзден басқа таңдау жоқ дейді. Ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері «Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және тәліптермен дипломатиялық қатынас орнату үшін адам құқықтары сақталып, әйелдердің құқықтары аяққа тапталмауы керек» дегенді айтты. Еурокомиссия алдағы уақытта бұл елден 30 мың ауғанды көшіру үшін 300 миллион еуро қаржы бөлуді жоспарлап отыр.

Жозеп Боррель, Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Бізде Ауғанстандағы жағдайға ықпал ету үшін «Талибанмен» ынтымақтасудан басқа жол жоқ. Бірақ бұл радикалды қозғалысты тануды емес тек келіссөз жүргізуді білдіреді. Ынтымақтастықтың деңгейі мен түрі тәліптер үкіметінің әрекетіне байланысты болады. Ауғанстанда Еуроодақ елдерінің елшілігі жабылған. Бірақ Кабулда біздің делегациямыз бар. Сондықтан оны Ауғанстанның жаңа үкіметімен келіссөз жүргізуге пайдалануға болады деп ойлаймыз.

Еуроодақ Ауғанстандағы жаңа билікпен келіссөзге баруға мүдделі екенін айтып отыр. Басқа қай елдер байланыс орнатуы мүмкін? Саясаттанушы Расул Жұмалының пайымдауынша, заңсыз миграция, босқындар мәселелерін бірлесе шешуге көп мемлекет бейілді.

Расул Жұмалы, саясаттанушы, сарапшы:

- Енді бұл жерде мәселенің бірнеше өлшемі бар. Біріншіден, «Талибан» қозғалысы бұған дейін БҰҰ жекелеген көптеген мемлекеттер бұл ұйымды терористік ұйым ретінде санап келген болатын. Мұндай шешімдер әлі де күшінде. Оның ішінде Қазақстанда. Екінші жағынан біреуге ұнасын ұнамасын «Талибан» қозғалысы, «Талибан» үкіметі қазір бұл саяси факт. Ұнаса да, ұнамаса да, санасуға тура келетін кәдімгідей күш пен әлеует. Сондықтан осы ұйыммен байланыстарды көршілес мемлекеттер АҚШ, Еуропа Одағы жүргізіп отыр. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағы - әрине Ауғанстандағы қазір осындай тұрақсыздық, шиеленіс, өкінішке орай, бұл елдің шекарасымен шектеліп қалмайды. Оның келеңсіз салдарын басқа да мемлекеттер қазірдің өзінде сезініп отыр. Сондықтан да, әрине, Ауғанстандағы жағдайды қалыпқа келтіру, бұл жерлерде осындай тәуекелдердің алдын алу мәселесіне тек қана көршілес мемлекеттер емес, өздеріңіз айтып отырған Еуропа Одағы да мүдделі. Жаңағы заңсыз миграция, босқындар, басқа да мәселелер. Әрине, осы мүдделікті алға тарта отырып, ықпал иелері оның ішінде Қытай, Америка, Еуропа мемлекеттері бола ма, шама шарқынша осы әрекеттерді қазір қолға алуға мүдделік танытып отыр. Оның ішінде ең басты мәселе - түрлі ықпал орталарының бірлескен әрекеттерге көшуінде. Сондықтан жаңа айтылғандар Душанбедегі бір топ мемлекеттердің бас қосып, осы мәселелерді бірлесе шешуіміз керек дегені, меніңше, бұл жақсы бастама, жақсы тәжірибе. Сол Еуропа мемлекеттері келіп болысып, осы әрекеттерге өзінің әлеуетін бағыттап, дайындық жасайтын болса, өте құба-құп.

Айтпақшы, Ауғанстанда билік ауысқан тұста өз азаматтарын қараусыз қалдырған Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Доминик Рааб қызметінен кетті. «Оған Ауғанстаннан ағылшын аудармашыларын эвакуациялау төңірегіндегі жанжал түрткі болды», - дейді сарапшылар. Себебі ол тәліптер Кабулды басып алып жатқанда Крит аралында отбасымен демалыста болған және Ауғанстандағы әріптесімен хабарласпаған. Осыдан кейін Сыртқы істер министріне қатысты сын көбейіп, оппозиция өкілдері отставкасын талап етті.