Өзбектер неліктен өз көліктерін өздері міне алмай отыр?

Өзбектер отандық көлікке қол жеткізе алмай отыр. Қазір машина сатып алғысы келген адамдардың кезегі 30 мыңға дейін жетті. Ақшасын төлеп қойған ала шапанды ағайын көлігін жарты жыл күтіп отырғанда машина шығарушы компания Тәжікстанда сауда желісін ашқанын мәлімдеді. Бұл жергілікті жұрттың наразылығын тудырды. Сөйтіп, өзбектер неге өз көлігін міне алмай отыр?

Риат Шони, тілші:

- Шевроле, шевроле тағы да шевроле. Өзбекстанда өзге маркалы көлік кезіктіре қалсаң жерден жеті қоян тапқандай қуанып, таңданасың. Өйткені көрші елдің автонарығында монополист компанияның үстемдігі басым болып тұр. Бұл проблема бұрыннан бар дейді ала шапанды ағайындылар. Ал жуырда тағы бір мәселе пайда болды. Енді мынадай су жаңа автокөлікті сатып алу үшін өзбекстандықтар өз кезегін 3 айдан жарты жылға дейін күтулері керек. 1 көлік үшін кезек 30 мыңға дейін барады.

Мәселені жергілікті суретші inkuzart тілінде де жеткізбек болды. Ол қабырғаға көлік үшін тұрған ұзын-сонар кезекті салып, халықтың көкейіндегі сұрақты көтерген.

Бірақ қабырғаға салынған бұл суретті коммуналдық қызметкерлер 1 тәуліктің ішінде қайта бояп тастады.

Өзбекстандықтардың ашуы шегіне жетсе де, камера алдында проблемаларын ашық айтуға құлықсыз. Жасырын тілге тартсаң, салоннан сатып алатын көлікті жарты жылдап күтетінін айтады.

БЛИЦ:

- Дамас алуға барған едім. Көлікті 15-20 күнде алып кетуге болады, кезегіңіз 500-600-орынның төңірегінде деді. Келесі күні барсам кезегім 2 мыңыншыға сырғып кетіпті.

Салонға көлік алу үшін барсаң үлкен кезек. Ондағылардың айтуынша, қазір машина аз шығып жатыр. Бір бөлшек жетіспейді дейді.

Жығылғанға жұдырық. Өзбекстан азаматтары отандық көлікке қол жеткізе алмай отырғанда автомобиль шығарушы компания Тәжікстанда машина сатуды бастағанын жариялады. Көрші елде көліктің 4 моделі саудаланады. Ал ішкі нарықта машинаның тапшылығы қажетті микросхеманың жоқтығында, дейді компания өкілдері. Пандемия салдарынан оның өндірісі еселеп азайған екен. 

Зумрад Шаджалилова, «Узавтосаноат» АҚ Баспасөз қызметшісі:

- Бұл мәселе қазір келісіліп, шешіліп жатыр. Проблема тек бізге ғана кері әсерін тигізген жоқ. Әлемде көптеген зауыттар осы микросхемалардың тапшылығынан жабылып жатыр. Бұл бөлшектермен санаулы компания ғана жарақтандырады. Сондықтан тапшылық қатты сезіліп жатыр. Зауыттарымызда көлік шығару көлемі азайса да біз жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Тәжікстанда дилерлік орталығымызды аштық. Микросхемалардың тапшылығы экспорт көлемін де әжептәуір азайтып отыр. Жағдай толық қашан тұрақталатындығын айта алмаймын.

Микросхемалар тапшылығы салдарынан компанияның көлік шығару көлемі 23%-ке төмендеген. Ал тамыз айында «Шевроле Лацетти» маркасының 2 данасы ғана шығарылса, «Спарк» көлігінің бір де бірі құрастырылмапты. 

Риат Шони, Санжар Шатуляганов