АҚШ-та көліктегі қауіпсіздік жастығына қатысты тергеу басталды 

АҚШ-тың жол қауіпсіздігі басқармасы қауіпсіздік жастығындағы ақауға байланысты 30 миллион машинаны тексере бастады.

Оларға жапонияның «Таката» компаниясының бүлінген қауіпсіздік жастығы қойылған деген күдік бар. Осы себепті 2001-2019 жылдары шығарылған 20-дан астам компанияның көліктері тексерілмек. Олардың арасында «Хонда», «Форд», «Тойота», «Ниссан», «Субару» сынды алыптар бар.

Айта кетейік, «Таката» компаниясы 2014 жылы осы қауіпсіздік жастыққа байланысты тағы жанжалға іліккен. Себебі ол жол апаты кезінде дұрыс ашылмай, салондағы адамдарға темір қалдықтар шашатын болған. Салдарынан көп адам зардап шегіп, бірлестік 100 миллион көлікті қайтарып алған еді.