Университеттегі атыс: куәгер көзімен

Тергеу комитеті Пермь қаласындағы атыстан кейін қанша адамның жарақат алғанын нақтылады. Бұған дейін 24 адам жайлы хабарланған еді, деп хабарлайды Хабар 24.

Соңғы мәлімет бойынша, медициналық көмекке 28 адам жүгінген. Одан бөлек тағы 8 адамның көз жұмғаны белгілі.

Айта кетейік, бүгін 18 жастағы Тимур Бекмансуров есімді жігіт Пермь қаласындағы университетте қарудан оқ жаудырған. Қазір ол жарақат алып, ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Күдіктінің не үшін ондай қадамға барғаны белгісіз.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол әлеуметтік желіде бұл жайында бұрыннан бері ойлап жүргенін жазған.

Тимур Бекмансуров алғашында университетке емес, мектепке шабуыл жасауды көздеген екен. Алайда кейіннен бұл ойынан тайып, сауда орталығы не вокзал секілді кісі көп жиылатын орындарды қарастыра бастаған. Қаскөй сондай-ақ ешқандай экстремистік ұйымда тұрмайтынын да жазған. Оның үстіне әлеуметтік желіде қаруға лицензия қалай алғанын да жіті сипаттап беріпті. Мәселен, психологтың рұқсатын алу үшін қандай сұрақтарға жауап беру керектігін алдын ала білген. Негізі, биыл мамырда Қазан қаласында мектепте атыс болған. Осыдан кейін Ресейде барлық оқу орындарында қауіпсіздік мәселесі күшейтілген еді. Бірақ Пермь университетінде «дабыл батырмасы» іске қосылмаған. Өйткені күдікті ең алдымен күзетшіні атып өлтірген екен. Бүгін шаһардағы барлық білім беру мекемелерінде сабақ болмайды. Оқушылар мен студенттер қашықтан оқиды.

Семен Карякин, студент:

– Біз аудиториялардың біріне тығылып қалдық. Ол жерде шамамен 60 адам болды. Парта мен орындықтардың астына жасырындық. Осыдан кейін бізді эвакуациялады.