Пермьдегі атыс: оқушылар мен студенттер қашықтан оқиды

Бүгін Пермь қаласындағы университетте бірінші курс студенті Тимур Бекмансуров оқ атып, 6 адамды өлтірген. Тағы 20-дан астамы жарақат алған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ауыр жарақат алған қаскөй жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Мамырда Қазан қаласында мектепте болған қайғылы жағдайдан кейін Ресейдің барлық білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шарасы күшейтілген еді. Алайда бүгін Пермь университетінде «дабыл батырмасы» іске қосылмапты. Өйткені қаскөй ең алдымен күзетшіні атып өлтірген.

Пермьдегі университетте атыстан 8 адам қаза тапты

Константин Калинин, полицияның кіші лейтенанты:

– Кабинетке куәгерлердің бірі жүгіріп келіп, университет жанында атыс дауыстары естіліп жатқанын хабарлады. Мен әріптесіммен бірге ақпаратты тексеруге сонда аттандым. Оқу орнынан адамдардың жүгіріп шығып жатқанын көрдік. Әріптесім адамдардың эвакуациясымен айналыса бастады. Мен кіреберіске қарай жүгірдім. Бірінші қабатта баспалдақпен түсіп келе жатқан жігітті көрдім. Оған қолында қаруын тастауға бұйрық бердім. Бірақ жігіт маған қару кезеп, оқ атты. Мен де жауап қайтардым. Ол жерге құлап түсті. Осыдан кейін мен жанына барып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім.

Қауіпсіздік күштері келгенше кейбіреулер терезеден секіріп қашса, басқалары унверситет ішінде тығылып, көмек күткен.

Семен Карякин, студент:

– Біз аудиториялардың біріне тығылып қалдық. Ол жерде шамамен 60 адам болды. Парта мен орындықтардың астына жасырындық. Кейін бізді эвакуациялады.

Қаскөйдің мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол әлеуметтік желіде бұл жайында бұрыннан бері ойлап жүргенін жазған. Тимур Бекмансуров алғашында университетке емес, мектепке шабуыл жасауды көздеген екен. Алайда кейіннен бұл ойынан тайып, сауда орталығы не вокзал секілді кісі көп жиналатын орындарды қарастыра бастаған. Қаскөй ешқандай экстремистік ұйымға мүше емес екенін де жазған. Оның үстіне әлеуметтік желіде қаруға лицензияны қалай алғанын да жіті сипаттап беріпті. Мәселен, психологтың рұқсатын алу үшін қандай сұрақтарға жауап беруді де алдын ала білген. 

Куәгер:

– Біз сабақ алдында достарымызбен бірге сыртта тұрған едік. Атыс естілді. Қарасақ, әлгі жігіт шамамен 20 метр қашықтықта оқ атып жатыр екен. Жан-жаққа қаша бастадық. Ол бізге қарай оқ атты. Абырой болғанда, оқ менің көлігіме тиді. Аман қалдық.

Бүгін шаһардағы барлық білім беру мекемелерінде сабақ болмайды. Оқушылар мен студенттер қашықтан оқиды. Пермь өлкесінің губернаторы қаза тапқандардың жақындары мен жарақат алғандарға қаржылай көмек көрсетілетінін жеткізді. Ал ертең Пермь өлкесінде аза тұту күні жарияланады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева