Ауғанстанды жоқшылық жайлады

Ауғанстанның экономикалық ахуалы ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауған халқы гуманитарлық қолдауға мұқтаж. БҰҰ-ның мәліметінше, бүгінде Ауғанстанда миллиондаған тұрғын көмекке зәру. Тұрмысқа қажет тауарлар мен азық тапшы. Талибан ауғанстанды басып алғалы жарты миллиондай тұрғын ел ішінде босқынға айналған. Осыған байланысты БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өткен аптада Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде 1 миллиард доллардан аса қаражат бөлуге уәде берді.

Биби Гул, Кабул тұрғыны:

– Бәрін тастап, көшуге мәжбүр болдық. Қазіргі жағдайымыз өте нашар. Балаларымыздың киер киімі, ішер асы жоқ. Аш қалмау үшін көшедегі пластиктерді теріп, содан түскен ақшаға тамақ сатып аламыз.

Қазір Ауғанстан дағдарысты күйде, экономикасы ілініп-салынып әрең тұр. Тәліптердің билікке келгеніне бір айдан астам уақыт өтсе де, жұрттың жағдайы жақсара қоймаған. Бәрі аман қалудың амалын іздеп әлек. Көбі базарға шығып, үйіндегі затын саудаға қойған. Бірақ сатып алушылар жоқтың қасы. 

Кабул тұрғыны:

– Ашраф Ғанидың үкіметі кезінде күніне 1000-1500 афганидан табатынбыз. Ал қазір жұмысқа тұру мүмкіндігі де жоқ. Жаңа үкімет келгелі жағдайымыз тым нашарлап кетті.

Қазір ауған қыздарының болашағы да бұлыңғыр болып тұр. Өйткені олар мектепке бара алмайды. Үкіметтің шешімі бойынша, тек ұл балалардың оқуына рұқсат етілген. Ал мұғалімдер қатарында тек ер адамдар болуы шарт. Осыған байланысты бір топ ауған әйелі наразылық танытып көшеге шықты.

Кабул тұрғыны:

– Мектептерде тек ұлдардың сабақ оқуына рұқсат ететін шешімге наразылық таныту үшін біз бүгін осында келіп тұрмыз. Талибан қыз балалардың білім алуына кедергі келтірді. Әйел адамдардың білім алуына не үшін тыйым салынады?

Жалпы, ауған әйелдерінің қоғамдағы рөлі қандай болары әзірге нақты белгісіз. Мәселен, кеше ғана тәліптер Кабул әкімшілігінде еңбек ететін әйелдердің жұмысқа шығуын шектеді. Қызметтегі әйелдердің орнына ер адам табылса, қыз-келіншектер үйде отыруы тиіс. Бірақ бұл шара уақытша, дейді шаһар басшысы. Ресми дерек бойынша, бүгінде Кабул әкімшілігінде 1 мыңға жуық әйел адам еңбек етеді.

Сондай-ақ...