Германиядағы парламенттік сайлауға бір аптадан аз уақыт қалды

Германиядағы ең маңызды саяси шараға бір аптадан аз уақыт қалды. 26-қыркүйекте бұл елде парламенттік сайлау өтеді. Осыдан кейін канцлер ауысып, жаңа үкімет құрамы жасақталады. 

Германия тұрғындары канцлерін тікелей сайламайды. 26-қыркүйекте Бундестагтың жаңа құрамы үшін дауыс береді. Ал депутаттар өз кезегінде үкімет басшысын сайлайды. Сауалнамалар қорытындысы бойынша, негізгі үміткерлердің бірі – «Жасылдар партиясынан» Анналена Бербок, ал екінші орында Меркельдің партиялас-үзеңгілесі Армин Лашет. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, канцлерлікке Олаф Шольцтың мүмкіндігі басым. Социал-демократиялық партияның жетекшісі үшін сайлаушылардың 26% дауыс беруге дайын. Ал Меркель партиясына тек 22%-і. Кезінде Гамбург мэрі болған, ал қазір қаржы министрлігін басқаратын Олаф Шольц үлкен басымдықпен алда келе жатыр.

Андреас Ян, Бундестагтың халықаралық істер комитетінің парламенттік хатшысы:

– Олаф Шольц – тәжірибелі саясаткер. Өзіне сенімді. Бұқара алдында сөз сөйлегенде мәнері бойынша Ангела Меркельге ұқсастығын байқауға болады. Оның басымдығы зор, қаржы министрі қызметін атқарады. Пандемия кезінде адамдардың жұмыссыз қалмауы үшін оның министрлігі қыруар қаражат бөліп, халық алдындағы беделі өсті.

Сайлауға уақыт аз қалғанымен, сарапшылардың көбі нақты болжам жасаудан аулақ. Өйткені бұл саяси науқанда сайлаушылардың ойы қырық құбылып тұрғаны байқалады. Мәселен көктемде, Жасылдар партиясының үміткері көш бастап келген еді. Жазда Меркель партиясы алға шықты. Ал қазір оларды социал-демократтар озып кетті. 

Андреас Ян, Бундестагтың халықаралық істер комитетінің парламенттік хатшысы:

– Қазірдің өзінде сайлаушылардың үлкен қызығушылығы сезіледі. Германияның жаңа саяси бағыты анықталатын болғандықтан, дауыс беруге көп адам келетін сияқты. Бұл шетелдерге де, мәселен Қазақстанға да қызық.  Сайлаудан кейін коалиция құру бұрынғыдан қиынырақ болады деп санаймын. Кім жеңсе де, оның құрамына үш партия кіреді. 

Жалпы сайлауға 47 партия қатысып отыр. Арасында хип-хоп бірлестігі мен вегандар одағы да бар. Алайда Бундестагқа тек 5 проценттен көп дауыс жинаған партиялар өтеді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский