Ұлыбританияда жасөспірімдерге вакцина салына бастады

Англия жасөспірімдерге екпе салуды бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

11 мен 15 жас аралығындағы оқушылар Pfizer-BioNTech вакцинасының бірінші дозасын қабылдап жатыр. Ғалымдар оның қауіпсіз, ал жанама әсерінің өте сирек жағдайда байқалатынын айтады. Ең бастысы, вакциналау науқаны оқу процесінің тоқтамауына септігін тигізуге тиіс.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Жасөспірімдерге екпе егу ковидтің мектепте таралуын толығымен тоқтатпайды, бірақ жұқтыру жағдайларын азайтуға көмектеседі. Мәліметтерге сәйкес вакцинаның бір дозасының өзі Дельта штамын жұқтыру қаупін шамамен 55%-ке кемітеді екен.

Медицина қызметкерлерінің пікірінше, екпенің екінші компоненті балаларға әзірге көктемге дейін салынбайды. Ұлыбританияда кәмелет жасы ретінде 18 жас бекітілген. Бірақ егер жасөспірім вакцинаның өте сирек жағдайда байқалатын жанама әсерінен қорықпаса, әке-шешесінің рұқсатынсыз-ақ екпені ерікті түрде қабылдай алады. «Көп жағдайда бала да, ата-ана да қарсылық білдіріп жатқан жоқ», - дейді биліктегілер.

Крис Уитти, Англияның бас санитарлық дәрігері:

- Біздің ойымызша, вакцинаның берер пайдасы зиянынан әлдеқайда асып түседі. Біздің қолымызда дәрігер әріптестерімізден келген бұлтартпас айғақтар бар. 2020 жылдың наурызынан бергі білім берудегі олқылықтар балаларға ауыр соқты. Олардың денсаулығына, психикалық жағдайына қатты әсер етті. Бұл тенденция, әсіресе, тұрмысы нашар отбасылар тұратын аудандарда ерекше байқалды.

«Балалардың барлығы дерлік ауруды жеңіл түрде өткізеді», - дейді мамандар. Соңғы 12 ай ішінде Англияда 25 бала ковидтің құрбанына айналыпты. Көпшілігінің денсаулығында бұған дейін де айтарлықтай кінәрат болған. Тек алтауы ғана бұрын-соңды ауырмаған. Англияда екпені мектептерде, Уэльсте вакциналау орталықтарында, Шотландияда клиникаларда кезекке тұрып, қабылдауға болады. Солтүстік Ирландиядадағы жасөспірімдерді вакциналау қазан айында оқу орындарында жүргізілмек.

Джек Лейн, оқушы:

- Меніңше, қатарластарымның бәрі риза. Енді біз ковидтен қорықпай көшеге шыға алатын боламыз. 

Мишель Лейн, ата-ана:

- Мен екпе алу туралы дұрыс шешім қабылдаған ұлыммен мақтанамын. Оқушылардың барлығы мектепте оқулары керек деп есептеймін.

Вакцинаға наразы топтар мектептерге келіп, кедергі келтіруі мүмкін. Бұл жағдайда мұғалімдер дереу полицияға хабарлауы керек. Pfizer компаниясы өз вакцинасының 5 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға да қорған бола алатындығын дәлелденіп отыр. Енді екпенің АҚШ, Еуропа және басқа да елдердегі жеткіншектердің қабылдауына ресми түрде рұқсат берілуі күтілуде.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ...